Орал мен Жымпитының арасында қатынайтын көлік иелері де, жолаушылар да екі ортадағы жол шұңқырларынан әбден зәрезап болды. Шабандап жүрейін десең, жүріс өнбейді әрі жол қозғалысына кедергі келтіресің. Ал ағыл-тегіл аңқытайын десең, алдыңнан апандай ойық шығады. Қарсы бетте де, артыңда да көлік. Не тоқтарыңды, не қай жаққа өтеріңді білмей дал боласың! Көлікті соғудан басқа амал қалмайды.
Сырым аудандық №39 жол пайдалану бөлімінің жол шебері Нұрсапа Бақтықожин сүйінші жаңалықты айтты. Самара–Шымкент тасжолының 330 және 369-ыншы шақырымдары аралығында орташа жөндеу жұмысы басталыпты. Яғни, Алғабастан бастап Жамбылға дейін жол ретке келетін болды. Бұрынғыдай «жыртық жамап» отырмай, осы жолы бүлінген қабат сылып алынып, жаңа асфальт жайылмақ.
Жымпиты мен Бұлдыртының арасындағы «толқынды жолда» тегістеледі. Жұмыстарға тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» АҚ.
Жымпитыдағы №39 жол пайдалану бөлімшесі қазіргі уақытта 196 шақырым жолдың жиегіндегі шөптерді шауып, шұңқырларын көлік дөңгелегі түспейтіндей етіп бітеп, таңбалар мен белгілерді жаңартып қойды. Заман дамып, көліктер жаңарып жатса да, жол бойындағы тазалық мәселесі өзгеріссіз өткір күйінде қалып отыр. Жол жиектері өте лас, қоқысқа толған. Бәрі де жолаушылардың ішкі мәдениетіне келіп тіреледі.
Жоғарыда баяндаған жөндеу жұмыстары қыркүйекте аяқталады. Жолдарды жөндеу жұмысын атқарудағы негізгі мақсат – қауіпсіздік.
Сондықтан тақтайдай жолды жарысып, заулап бағындыруға үйір болмаңыз жүргізуші! Асфальтта асықпай жүрейік!
Бауыржан Шерім
Сырым ауданы