16.06.2024, 18:00
Оқылды: 151

Сырым ауданы: денсаулық майданының батыры Мунира Сембаева өз ісімен көпке үлгі

Қызылды-жасылды қызығы кетпес мынау жарық дүниеде адамның бірінші байлығы денсаулық екені даусыз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса, денсаулық сақшыларының көмегіне мұқтаж болып, жанымызға сая іздейміз. Халқымыздың денсаулығын сақтау үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандарға ел риза.

InShot_20240616_111636702

Сырым ауданына қарасты Қособа ауылдық дәрігерлік амбулаториясының дәрігері Мунира Сембаева – елдің сүйіктісі. Дәрігерді ауыл тұрғындары зор қуанышпен құрметтейді. Себебі, білікті маман, жақсы адам, айналасына әрдайым сыйлы. Халықтың сыйластығы мен құрметіне бөленіп жүрген мұндай дәрігер де бақытты болмақ.

Мунира Жаңаталапқызы әрбір науқастың жүрегіне жол таба білген жан.

Ол Тайпақ елінің тумасы. Жайықтың жағасында туып, Сайқұдықтың самалына еркелеп өскен қыз. Орта мектепті Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №11 орта мектептен бітірді. Мектеп-интернатта жатып, білім алды. 1992 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина инстутына түсіп, 1998 жылы (ол кезде Ақтөбе мемлекеттік медициналық академиясы болып ауысты) бітіріп шықты. Қолына диплом алған жас маман жолдамамен Сырым ауданына келді. Сырым ауданы Мунира Жаңаталапқызының еңбектегі ғана емес, өмірдегі бағын да ашты. Қособа елінде өсіп-өніп, өркен жайған Шарифуллиндердің шаңырағына келін боп түсті. Азаматы Қанат аға екеуі бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.

 – Мен жұмысқа келген жылдары қиын кездер болды. Жедел жәрдем көлігі жоқ. Талғайтын көлік жоқ. Атарбаны тапқанымызға қуанатынбыз. Жазда мотоцикл, қыстың көзі қырауда науқасқа жету үшін трактор табылса, оның өзі бір бақыт еді. Дәрі-дәрмек те жоқтың қасы. Бірақ, жұмысыма деген құлшынысыма мұның бірі де әсер ете алмады. Шыдамдылықпен, табандылықпен кірістік. Осы салада еңбек етіп келетініме бүгінде 26 жылдың жүзі болыпты. Жағдай біртіндеп түзелді. Жедел жәрдем көлігі берілді. Дәрі-дәрмек үзілмейді. Құрал-жабдық жеткілікті. Өзіміздің зертханамыз, ЭКГ аппаратымыз бар. Ауыл тұрғындарын мүмкіндігінше ауылдан қарап, сынамаларын алып, қажет болса ғана, тиісті мамандарға жіберіп, емдейміз. Ковид пандемиясы өршіген кезде, ауылдың егде жастағы тұрғындары көп сырқаттанды. Олардың ауруханаға барғылары келмейді. Медбикелеріммен бірге өзіміз емдедік. Пандемия кезінде адам шығынын болдырған жоқпыз. Кешегі елді әбігерге түсіріп, әуреге салған су тасқынында да ауыл тұрғындары Қособа орта мектебіне эвакуация жасалды. Ауру да айтып келмейді. Су тасқыны да – тілсіз жау. Сол кезде науқастанып қалған тұрғындар болды. Жол жоқ, қатынас мүмкін болмаған күндері ауылды аман алып шықтық. Ақ халатты абзал жан үшін жағдайдың уақыттың, мерзімнің қандай екендігі маңызды емес. Маңыздысы қандай жағдай болса да, халыққа адал қызмет етіп, аман сақтап қалу. Жүкті әйелдерді үйде босандырған кезіміз де болды. Ешбір науқасты жолда қалдырған емеспіз,- дейді дәрігер.

Ақ халатты абзал жандар таңдаған мамандық күн сайын, сәт сайын ерлікті талап етеді. Олардың еңбегі көптңң көзіне түсе бермесе де, адамдарды қалай құтқарып жатқаны өздеріне жақсы мәлім.

Шынар Молданиязова, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале