ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы сырымдықтардың есінде тек жақсылықтарымен қалатын сыңайлы. Мәселен, биыл Жаңаөңір - Сасықкөл - Қарағанды - Құспанкөл - Тоғанас – Аңқаты бағытында газ құбырларын тарту жұмыстары басталды. Жобаның құны - 243, 3 млн теңге. Жоба оңымен аяқталса, біраз елді мекен игілікке кенеліп, Сырым ауданы 100 пайыз газдандырылған ауданның бірі болады.
Жаңаөңір - Сасықкөл - Қарағанды - Құспанкөл - Тоғанас – Аңқаты бағытында газ құбырларын тарту жұмыстарына жауапты мердігер «ӘлияСервис» ЖШС-ның әзірге міндетінде мін жоқ. Күні бүгін Алғабас округіне қарасты Жаңаөңір және Сасықкөлге дейін тартылатын газ құбырлары желісінің 60 шақырымында қызу жұмыстар басталды. Межелі мөлшердің 28 шақырымына құбыр жатып үлгерді. Негізгі материал ретінде полиэтиленнен дайындалған жеңіл әрі сапалы құбырлар пайдаланылуда.
Жұмыстың басында 2 экскаватор, 2 «SHANTUI» бульдозеры, 2 жүк көтергіш техника жүр. Серіктестік өз мамандарынан бөлек, жергілікті азаматтарды да жұмысқа тартып жатыр. Мердігер серіктестіктің осы учаскедегі өкілі Наурызбек Жаңалаевтың айтуына қарағанда, Жаңаөңір - Сасықкөл - Қарағанды - Құспанкөл - Тоғанас – Аңқаты бағытында газ құбырларын тарту жұмыстары жыл бойына жүргізіледі.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
www.zhaikpress.kz