Байтақ еліміздің бодандық бұғауынан босап, еркіндік пен елдікті еңсеріп, дүние дидарында абыройы асқақтағанына 30 жыл толуына орай Сырым ауданының ауылдық округтерінде өтіп жатқан салтанатты шара бүгін Талдыбұлақ ауылында сабақтасты.
Мемлекеттік әнұранның әуелеуімен басталған шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты. Алғы сөз алған аудан басшысы Тәуелсіздік туралы толғанып сөйледі:
– Тәуелсіздік – халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған, ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен, аналарымыздың көз жасымен келген бақ. Осыдан 500-600 жыл бұрын Керей мен Жәнібектен бастау алатын қазақ халқы Тәуелсіздік жолында күресумен келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жуырда «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала жариялады. Ол мақаласында Тәуелсіздік жылнамасын егжей-тегжейлі айтып өтті. Еліміздің басынан небір нәубет замандар өткенін тілге тиек етті. 1913 жылы Ресейдің статистикалық мәліметтері бойынша 5 млн 600 мың қазақ халқы болса, 1969 жылы 2 млн 700 мыңы ғана қалған. Бұл аралықта ашаршылық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысында қазақ халқы құрып кетуге шақ қалды. Республиканың отыз-ақ пайызын қазақ халқы құрады. 1989 жылғы санақта қазақтардың жалпы саны 7 млн-ға жетіп жығылды. Кешегі өткен 2021 жылғы санақ бойынша республиканың 19 млн халқының 70 пайызы, яғни, 13 млн азамат өз қандастарымыз. Бұл көрсеткішке біз Тәуелсіздіктің арқасында жетіп отырмыз. Еліміздің экономикалық, мәдени дамуына зор үлесі тиіп келетін астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының халқы 300 мыңнан миллионның үстіне шықты, - деген Төлеген Серікқалиұлы қастерлі Тәуелсіздік салтанат құрған отыз жыл ішіндегі ауданның жеткен жетістіктерін атады.
Ауданның газдандырылуы, жолдардың салынуы, әр үйге судың кіргізілуі туралы айтты. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, Ақсай-Жымпиты тас жолының 2022-2023 жылдары жөндеуі аяқталады. 2025 жылға дейін барлық ауылдық округтерге кірме жолдар жөндеуден өтеді. 2022 жылы Қособа, Жырақұдық, Бұлан, Жамбыл, Алғабас ауылдарына су кіргізіледі.
Төлеген Төреғалиев аудан әкімінің алғыс хатын Кейпін Төлегенов, Нұрлан Кәрімғалиев, Рабиға Ғиниятова, Кәкімғали Телегеновке табыс етті.
Аудандық мәслихат депутаты Айдынғали Балғалиев «Жанашыр жан» аталымымен Орынтай Ермекқалиев, Айбек Халықов, Шырайлым Жаледденова, Жәнібек Бегеев, Марат Бақтияров, Ардақ Шакуловтарды марапаттады.
Белсенді ауыл тұрғындары Ерболат Жанғалиев, Нұрлыбек Нұрмұханов, Ерген Абуғалиев, Ақтілек Дандыбаев, Әбілахат Айтжанов, Есенғали Телегеновке Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Даниял Танзенов алғыс хат тапсырды.
Мерекелік шара «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты концертке ұласты. Елге деген сүйіспеншілікті еселеп, отансүйгіштік рухты арттыратын әндер шырқалды. Асылай Абуғалиева «Тәуелсіздік», Нұргүл Жексенова «Қазақстаным», Айару Ғалымжан «Мерекелеріңізбен!», Назгүл Айтжанова «Мәңгілік ел», Салтанат Нұғыман «Қазақстан бақытты» әндерін орындап, тыңдаушыны баурап алды. Мектеп оқушылары әдеби монтаж қойып, өлең оқыды, флешмоб орындады. «Ақ-Ырыс» би үйірмесінің арулары мың бұрала билеп берді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz