Жымпитыдағы Қ.Мырзалиев мектебінде оқу жылының аяқталуына орай салтанатты жиын өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысып, түлектерге сәттілік тіледі.
Ақын атындағы мектептен биыл 59 түлек шықса, оның үшеуі алтын белгіге, 2 түлек үздік аттестатқа үміткер.
Жыл сайынғы дәстүрге сай “Білім кілтін” тапсыру рәсімі 11 “А” сыныбының түлегі, “Алтын белгіге” үміткер Сабина Есенжановаға бұйырды. Аманатты қабылдап алу құрметіне аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы, оқу озаты, 10 “Г” сыныбының оқушысы Айнат Берікова ие болды.
Мектеп директоры Меруерт Жұмағали мектеп кәсіподағымен бірлесіп облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындар иеленіп, үздік шәкірттер дайындауда біліктілігімен топ жарып жүрген бірқатар әріптестеріне ынталандыру сыйлықтарын ұсынды.
– Өзгелерден оқ бойы озық шығып, жыл бойына белсенділік танытқан үздіктер “Үздік педагог”, “Үздік бастауыш сынып мұғалімі”, “Үздік куратор”, “Үздік оқушы”, “Үздік оқырман”, бастауыш пен жоғары сыныптар арасынан “Үздік сынып”, “Үздік кабинет”, “Жасыл сынып” аталымдары бойынша анықталып, мектеп кәсіподағы атынан ақшалай сыйлықтар және “Үздік педагог” аталымына ие болған әріптесіміз Қалампыр Есембекова “Ақжайық” шипажайына жолдама алса, 2 үздік сынып жетекшіге кәсіподақ атынан ақшалай сыйлық табыстадық. 6 номинация иегеріне жеке кәсіпкерлер Алмагүл Жанғожиева мен Орынбике Ғұмарова сыныптар мен оқушыларға естелік сыйлықтар тапсырылды, - дейді мектеп директоры.
Айта кету керек, мектеп кәсіподағы бастауыш пен жоғары сыныптар арасынан білімі мен тәртібі жақсы екі сыныпты ауыспалы кубокпен марапаттады. Бұл жақсы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Ал мектеп бітіргендеріне 25 жыл толған түлектер пальма бөлме гүлін, 10 жылдықтар аталған салтанатты жиынға арналған баннерді мектепке тарту етті.
Айжан Амангелдина
Сырым ауданы