«Қайсар» спорт клубы мен Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен 8-наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай ерекше күтімді қажет ететін балалардың аналарымен спорттық шара және Наурыз мейрамына орай мүмкіндігі шектеулі жандар арасында асық ату мен дартстан аудан біріншілігі ұйымдастырылды.
Жарыстың ашылу салтанатында «Аmanat» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
«Қайсар» спорт клубының мүгедектігі бар жандардың спорт нұсқаушысы Ерген Боранқұлов ойынды өткізді.
Дәлдік пен қырағылықты талап ететін жарыс нәтижесінде дартстан Аманбай Хамидуллин 1-орын, Ерсінбек Қатепов 2-орын, Сырымбек Досжанов 3-орындарды бөліссе, Бақытжан Ғинаятов «Жеңіске деген жігерлігі үшін» марапатталды.
Мергендік пен ептілік сынға салынған асық атудан 18 жастан жоғары қатысушылар арасында Ернар Алдамжаров жеңімпаз атанды. Нұрберген Ғалымжан 2-орын, Ерболат Шналиев 3-орын иегері атанды. Ернар Қылымбетов «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымына ие болды. 18 жасқа дейінгі асықшылар бәсінде Ернар Еркінғали 1-орын, Ержігіт Еркін 2-орынға қол жеткізді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы