27.12.2022, 11:45
Оқылды: 48

Сырым ауданында ат спортын қолдау қоры құрылмақ

Сырым ауданында ұлттық ат спорты жылды қорытындылады. Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысқан салтанатты шарада үздік атбегілер, бапкерлер және шабандоздар марапатталды.

IMG-20221226-WA0180

Ұлттық спортқа серпін беру, соның ішінде ат спортын салалық түрде дамыту мақсатында 2021 жылы Сырым ауданында "Қайсар" спорт клубы жанынан арнайы үйірме ашылды. Жаттығу жұмыстары үшін спорт клубы жалға бес жылқы алды.

IMG-20221226-WA0146
Ауыл балаларына атқа міну әліппесін үйретіп, көкпар мен аударыспаққа баулып, осы міндетті бейресми, азаматтық негізде ғана атқарып жүрген Төлеби Қайыржанов үйірменің жұмысына жан салып кірісті. Міне, арада өткен бірер жыл бастаманың болашағын көрсеткендей:
- "Сырым батыр" көкпар командасы алғашқы жүлделерін ала бастады. Ауданда шабандоздар мектебі қалыптасты. Бұрын атқа отыратын бала таба алмаушы едік, қазір шабандоздарға жылқы жеткізе алмаудамыз, - дейді жаттықтырушы, "Бәйге" федерациясының аудандағы өкілі Төлебидің өзі.

IMG-20221226-WA0168

Салтанатты шарада аудан басшысы Төлеген Төреғалиев асыл өнер - атбегіліктің дамуына үлес қосқан азаматтарға шапан жапты. Олардың арасында Мүтәлі Төреғалиев, Құсайын қажы Бақтияров, Серік Қойбағаров, Мұхтар Шулеуов, Алтай Ақшолақовтар бар. Сол секілді, жыл үздіктері де анықталды.

Жылқы баптап, додаға салып, Ұлы даланың дүбіріне дүбір қосқан, ал Сырым еліне даңқ әкелген дарабоз жүйріктердің иелерінің есімдердің атай кету артық етпес.
«Үздік тай» атағы Еділ Үсеновке, ал «Үздік құнан» аталымы Мейрам Аманбаевқа берілді.
«Топ бәйгенің үздігі» - Дәурен Бүркітов, «Аламан бәйгенің үздігі» - Абзал Өтегенов, «Үздік бапкер» болып
Қуандық Берліғожин мен Бейбіт Базарбайұлы, «Үздік көкпаршы» Абай Әбдірахманұлы, «Үздік аударыспақ шебері» Әспенбет Қайыржанов, Нұршат Нариман деп танылды.

Даңқты батыр, би Сырым Датұлының 280 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған «Сырым батыр жолымен...» атты салт аттылар марафонында Орал шаһарынан туған жері Сырым даласына дейінгі 140 шақырымды тұлпармен жүріп өткен Шерхан Қайырсапа арнайы марапатталады.
Төлеби айтса айтқандай, ел ішінде тайды құлақтап, тұлпарды құшақтап мінген шабандоздар көбейіпті. Аудан әкімінің алғысхатын алғандар арасында байтақ батыс даласының мақтаныштары, жұлдызды жокейлер, жүлделі шабандоздар, «Алтын таға» сыйлығының иегері Ершат Нариман мен Сәкен Ғарифуллин бар.

Белгілі кәсіпкер, "Сырым ауданының құрметті азаматы", шараның құрметті қонағы Құсайын Бақтияров ат спортының дамуы үшін ауданда қор жұмысын ұйымдастыру туралы ұсыныс айтты. Жарыстар өткізу, жүлделер тағайындау, түрлі сайыстарға жылқылар мен әбзелдерін тасымалдау қыруар қаржыны талап етеді. Қор сол үшін керек. "Сөздің жалғасы - іс" дегендей, Құсайын мырза алғашқы болып қор игілігіне бір жылқы атады.
Атбегілер ортақ істен тартынып қалмаспыз деген оймен тарқасты.

Айта кетейік, биыл сырымдық сәйгүліктер облыстық, республикалық деңгейдегі 22 бәйгеден жүлде алды.

Бауыржан Ширмедниұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале