5.05.2022, 12:30
Оқылды: 94

Сырым ауданында М.Әжіғұлов сыныбы ашылды

Сырым ауданында Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, «Құрмет» ордені мен Қазақ ССР Жоғары кеңесінің иегері, Батыс Қазақстан облысының және Бөкей ордасы, Сырым аудандарының құрметті азаматы Мұхтар Әжіғұловтың дүниеге келгеніне 100 толуына орай бірқатар іс-шаралар өтті.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 10.38.09

Мұхтар Әжіғұлов 1922 жылы 1 мамырда Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Батырбек ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Азғыр орта мектебінде жоғары сыныптарда математика және физика пәнінен сабақ беріп жүрген жерінен Ұлы Отан соғысына аттанады. 1942 -1945 жылдары Сталинград, Калинин, бірінші және екінші Прибалтика майдандарының қайнаған ортасында болады.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 10.38.05
С.Датұлы атындағы тарихи - өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаеваның айтуынша, физика мен математиканы жетік білген Мұхтар Әжіғұлов арнайы радиобайланыс саласында жүріп, соғыстың әр сәтінен ақпар беріп отырған.
- «Ажгулов байланыс құралдары арқылы жақын қашықтықты барлау тобының радио бөлімшесінің радиотелеграфисті қызметін атқарып, 6-гвардиялық армия штабы жүргізген ұрыс қимылдарында командалық тапсырмаларды орындау барысында ерлік көрсетті. Жаудың шабуылы қыспаққа алған тұста соғыс жағдайын баяндайтын шұғыл ақпаратты штабқа жедел жеткізу міндеті жүктеліп, оны мүлтіксіз орындайды. Қайнаған от пен оқтың ортасында бүкіл взводтың ауырталығын көтеріп, барлық аппаратураларды майдан даласында жалғыз өзі тасыған. Осы еңбегі бағаланып, «Ерлігі үшін» медалімен марапаттауға 1945 жылдың 8 мамыры ұсынылады.» - делінген марапат қағазында.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 10.38.12
Майдангер партияның арнайы тапсырмасымен Жымпиты өңіріне қызметке келді. 1952-1957 жылдары Қаратөбе, Жымпиты аудандық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп, комитеттің, үгіт-насихат бөлімін басқарады, совхоздар жөнінде аудандық партия комитетінің аймақтық хатшысы болып еңбек етті. 1957-1961 жылдары Жымпиты ауданы орталығындағы орта мектеп директоры, 1961-1962 жылдары Жымпиты ауданы Жосалы совхозы партия комитеті хатшысы болып, 1963-1965 жылдары Жымпиты аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болды. 1965 жылдың наурыз айынан бастап 1972 жылдың қыркүйек айына дейін, Жымпиты ауданы атқару комитетінің төрағасы болып Сырым елінің өркендеуіне ұзақ жылдар бойы мінсіз қызмет етті. Халық Жымпитыдағы алғашқы ауыз су жүйесі, алғашқы асфальт, жаңа мектеп сияқты игіліктерді М.Әжіғұлов есімімен байланыстырады.
Кеше Жымпитыдағы Сырым мектеп-лицейі орналасқан ғимаратқа ескерткіш тақта қойылды. Бұл үй 1963 – 1972 жылдары Мұхтар Әжіғұлов қызмет атқарған кеңсе болған. Тақтаның ашылуы алдында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 10.38.14

Сонымен қатар, мектеп-лицейдегі математика кабинетіне Мұхтар Әжіғұловтың есімі берілді. Ашылу рәсімін Сырым ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Марат Қадыров пен «ҚазИИТУ» ғылыми білім кешенінің негізін салушы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, профессор Ақсерік Әйтімов жүргізді.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 10.38.16
Күн аудандық мәдениет үйіндегі «Ел үшін туған ер» атты еске алу кеші өтті. Аудандық музейде де тұлғаға арналған бұрыш таныстырылды.

WhatsApp Image 2022-05-05 at 10.38.25

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале