25.04.2025, 21:30
Оқылды: 378

Сырым ауданында шегірткелерге  қарсы жұмыстар нақтыланды  

Сырым ауданында қауіпті зиянды ағза үйірлі шегірткелерге қарсы жүргізілетін жұмыстардың биылғы  жылға арналған жоспарын нақтылау үшін арнайы штаб отырысы өтті.

WhatsApp Image 2025-04-25 at 23.29.37

Штаб отырысына Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов, ҚР Ауылшаруашылық министрлігі, агроөнеркәсіп кешені мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ерлан Орынбаев, министрлік жанындағы «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ БҚО филиалының басшысы Алтай Алдабергенов, Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Ерлан Құрмашев қатысты.

Күнның ысуымен “дала десанттарының” дернәсілдері пісіп жетіліп, қанат бітіп, нағыз зиянкеске айналады. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік  орталығы» РММ Сырым аудандық филиалының зерттеу жұмыстарының нәтижесі бойынша ауданда 23,0 га жер “қызылмен белгіленіп” тұр. Ол аумаққа республикалық бюджет есебінен үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жасалмақ.

Сырым аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Азамат Өтеповтың айтуынша, химиялық өңдеу алаңдары әртүрлі техникамен игеріледі. Мысалы, аэрозолды газогенератор құрылғысымен 10,0 мың га алқап, жер үсті қалақты желдеткіштерімен – 8,0 мың га алқап өңделеді.

WhatsApp Image 2025-04-25 at 23.29.36

Ал, 5,0 мың га алқаптың төбесімен жеңіл ұшақ ұшып өтеді.

- Биыл қыстап шыққан итальяндық прус шегірткесі күбіршектерінің қоныстануына көктемгі мониторингтік зерттеу жұмыстары Бұлдырты, Аралтөбе, Жымпиты, Талдыбұлақ, Жосалы, Алғабас, Шолақаңқаты, Сарой, Жетікөл және Бұлан ауылдық округтеріне қарасты жайылымдық жерлердің 1000 га аумағында жүргізілді. Күбіршіктердің бір шаршы метр жердегі ең аз қоныстануы Сарой  және Жетікөл ауылдық округіне қарасты жайылымдық жерлерде метріне 4,2-4,4 дананы құрайды. Ал ең көп шоғырлануы Бұлдырты мен Аралтөбе ауылдық округтеріне қарасты жайылымдық жерлерде. Бұл жақта шаршы метрге 11,2 күбіршек саналып отыр. Бір күбіршікте орта есеппен  14-39 дана жұмыртқа бар, - дейді маман.

WhatsApp Image 2025-04-25 at 23.29.36 (1)

Саяқ шегірткелер де жоқ емес. Олардың дернәсілдері 1100 га аумақтан анықталып отыр. Бір шаршы метр жердегі күбіршіктердің саны 5 - 12 дананы құрайды. Ол туралы ҚР АШМ «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Сырым аудандық филиалының басшысы  Ғ.Разиев айтты.

Өсімдік малдың, мал - адамның азығы. Сондықтан, азықтық қорды, егінжайды зиянкестерден сақтау - ең бірінші, адам игілігін сақтау. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов әріптестеріне бұл бағыттағы жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале