25.04.2025, 14:30
Оқылды: 156

Сырым ауданында зират айналасы қоршалды

Өлеңтіліктер осы көктемде көптен ойда жүрген шаруаны тиянақтады. Азаматтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бас аяғы бірер аптаның ішінде ауылдың іргесіндегі зираттың айналасын қоршап тастады. 

PHOTO-2025-04-21-18-41-51

Ауыл тұрғыны Қанат Кәкімовтың айтуынша, Өлеңті ауылының іргесіндегі қорымда адамдар Кеңес үкіметі кезіне дейін де қарайған төмпешіктер болған. Бертін келе ауылдың аяулы адамдары жерлене бастады. 

-Зират өрістің жолында тұр. Малдың аты мал, сүйкенеді, көлеңкелейді дегендей. Қоршау керек деп жүр едік. Сәті биыл түсті. Бөліп - жаратыны жоқ, ауылдың әр үйі, әр адамы жұмылды. Бірер аптаның ішінде 3 млн теңгедей қаражат жиналды. Ауылдасымыз Мерей Құрмашев жеке көлігімен құрылыс материалдарын жеткізуге көмектесті. Өлеңтіліктердің бірлігін жұрт біледі. Міне, ауылдың тұтастығыны көрсеткен тағы бір игі іс атқарылды. - дейді ол.

PHOTO-2025-04-21-18-39-30

Жақсы істің жалауын көтеріп жүргеннің бірі - Сатыбалды Қайырбай. Есепшот ашып, қаражат жинап, қала берді ауыл ішінен жұмыс күшін ұйымдастырып, Сатыбалдыдай іскер жігіттер інілеріне жақсы үлгі көрсетті. 

Халықтан жиналған 3 млн 650 мың теңге қаржыға 600 метр аумақ қоршалды. Зират жанына шатыр тігіліп, жұмысшыларға тынығу, тамақтану мүмкіндіктері ұйымдастырылды. 

Бүгін өлеңтіліктер марқұмдардың құрметіне ас беруде. 

P.S. Жымпиты ауылындағы үлкен зиратты қоршау керек деген ұсыныс айтылғалы қанша жыл?! Осы бастама бойынша қам қылып, қарекет жасаған адамның бірі - бір кездері округ әкімі болған Арман Баяндықов еді. Арекеңнің өзі қазір сол қауымның мәңгілік тұрғынына айналды. Зиратты қоршау - біріншіден аруаққа құрмет, екіншіден - мәдениет, эстетика деген мәселемен қабысады. Жұрт жұмылса жұмыс жүретінін өлеңтіліктер дәлелдеп отыр. 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале