Жылдағы дәстүрге сай аудан әкімінің шыршасы биыл елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты болмайтындығы біраз балаларды қынжылтқаны рас.
Әйтсе де, аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке аудан балаларын қуанту үшін бұл ахуал да кедергі бола алмады, әкімнің жаңа жылдық сыйлығы 100 балаға қуаныш сыйлады.
Аудан басшысы Төлеген Серікқалиұлы бастаған топ өзге де ауылдық округтердегі балаларға аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат хатшысы, аппарат басшысы, білім беру бөлімінің басшысы, ауыл әкімдері мен мектеп директорлары жанына Аяз ата мен Ақшақарды ертіп, мерекелік көңіл күй сыйлады.
Биылғы сыйлықтар да балақайлар үшін ерекше болды. Қазіргі таңда шарасыздықтан телефон мен компьютерге жіпсіз байланып отырған балалар үшін аудан орталығында жақында ғана жаңадан қысқы демалыс кешені ашылғанын жазған едік. Міне, сол кешенге аудан балалары әкім сыйлаған коньки, шаңғы, шана секілді сыйлықтарымен барса, ғажап қой.
Аудан әкімінің сыйлықтарына ерекше қуанған балалар мен ата-аналарының қуанышында шек жоқ.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz