Сырым ауданының тұрғыны Ольга Шепилова 58 жылдан кейін жеке құжат алды.
Ольга 1966 жылы Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Қолындағы бары – соны растайтын кеңестік туу туралы куәлігі ғана. Әрі қарай Сырым ауданының Өлеңті ауылына келін болып түсті. 1990 жылы ұлы дүниеге келді. Қазір ол жанұясын бірге Қособа ауылдық округінде тұрады. Бір қызығы, Ольганың кәмелеттік жасқа толғаны, некелі болғаны, босанғаны секілді өміріндегі маңызды оқиғаларының бірі де құжатқа түспеген.
ҚР Ішкі істер министрлігі 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елдегі азаматтарды құжаттандыру бойынша акция жариялады.
Сырым аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты Данара Ишмуханова құжатсыз жүргенін сол кезде анықтады.
Өмірлік қиын жағдайлардың кесірінен Шепилова ханымның мемлекеттік органдарға уақтылы жүгіне алмаған, мерзімі өтіп кеткеннен кейін алдынан кедергілер шыға берген. Ал ҚР Конституциясы бойынша мемлекеттік игіліктерге, тұрғын болу құқықтарына ие болу үшін құжат керек.
Ақыры, аға лейтенант Данара Ишмуханова 58 жыл елдің есебінде болмаған Қособа ауылдық округінің тұрғынын құжаттандыруға қол жеткізді.
Азаматтығын ресми растаған жеке басын куәландыратын құжатты Ольга Шепиловаға Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Тимур Айтуғанов кабинетінде салтанатты түрде табыс етті.
Ольга қуаныштан көзіне жас алды.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы