22.01.2025, 17:30
Оқылды: 28

Сырым батырдың Самурайдан несі кем?

Орал қаласында балаларға арналған Сырым батыр туралы комикс – кітап жарық көрді.

WhatsApp Image 2025-01-22 at 18.06.16

Сырым Датұлы – батыр, би, 1783 – 1794 қазақ даласында болған ұлт – азаттық көтерілістің көсемі.

Сырымның әскери бас көтеру тек отаршыл режимге қарсы бағытталған жоқ. «Тура биде туған жоқ» дегендей, ол өз жүзіндегі басқару жүйесінің де кемшілігін сынады. Сырым – реформатор, тіпті Еуразия құрлығындағы демократияның алтын діңгегі. Ол хандық билікті құлатып, орынына баламалы билік – Халық кеңесін жасақтады.

WhatsApp Image 2025-01-22 at 18.06.53

Датұлының қолбасшылық қуаты, ақыл мен айла біріккен батыр болмысы – әдебиет өнері үшін тамаша типаж. Бұған дейін Жәрдем Тілеков Сырымға дастан арнаса, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев Сырымның жолында 25 жылын «құрбан етіп», «Тар кезең» романын жазды. Романы үшін қаламгер Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

WhatsApp Image 2025-01-22 at 18.07.49

Міне, енді балалардың өз «Сырымы» болады. Оралдағы «Dana» орталығынан шыққан комикс – кітаптың түрі тартымды, тілі тәтті. Ұлы тұлғаларды комикспен кейіптеу идеясын бастаушы әрі оны жүзеге асырушы – өлкетанушы Жантас Сафуллин.

Кітап көркем суреттен және мәтіннен тұрады. Ғибратты әңгіме қалыпты оқиғадан басталады. Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округінде орналасқан Сырым шыққан төбенің тұсына тоқтаған көліктен әкесі баласы түседі. Ақбоз кесенені, оның ашық қабырғасынан төбені көзі шалған бала әкесіне «Бұл кімнің кесенесі? Қандай жерге келдік?» - деп сауал қояды. Әңгіме әкенің баянымен өрбиді.

Батыр туралы оқиғаны өлеңмен өрген – ақын Ғайсағали Сейтақ пен  Нұрлан Сәдір.

«Басты мақсатымыз – балаларға туған жердің тарихын таныстыру. Оқиға желісі есте сақтауға жеңіл болуы үшін жырланып, суреттермен әрленді. Комикс жанры – балалар мен жасөспірімдер қызығатын жанр.» - дейді тамаша бастаманың авторы Сафуллин мырза.

Иә, манга жанры, яғни комикс жапон оқырмандары арасында кең сұраныста. Әсіресе, олар самурайларының ерлігін суретті мәтінмен бедерлеуден алдарына жан салмайды. Сырым батырдың самурайдан несі кем? Біз бұл кітаптың тұсаукесері Жымпитыда өтуі тиіс деп санаймыз.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Dana» орталығы атыс өңіріне белгілі Жетпіс балуан жайлы комикс – кітап шығарған болатын.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале