Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов аудандағы споршылармен және жастар саясатының өкілдерімен кездесті. Кездесуге Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсенов, «Amanat» партиясы Сырым аудандық партиясының төрағасы Талғат Дарғожиев және спорт мекемелерінің басшылары, бапкерлер қатысты.

Сырым ауданында спорт «сарбаздарының» шынығып шығатын жері - А.Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Мектеп директоры Бауыржан Ихсановтың айтуынша, Шайхиев сарайы балаларға спорттың 10 түрімен айналысуға мүмкіндік усынып отыр. 2024 -2025 оқу жылының есебін қарасақ, 51 топтан 550 шәкірт тәлім алып, тәжірибе шыңдаған. 31 жаттықтырушы бар, олардың екеуі - жоғары санатты. Ал, 8 бапкер І санатқа, 5 жаттықтырушы ІІ санатқа ие.

Шәкірттердің де сапалық құрамы осал емес. Биыл бір оқушы спорт шебері атағын қорғады. 40 оқушы спорт шеберлігіне кандидат. Ал, 63 шәкірт әр түрлі разрядтарды иеленген.
Әлем таныған Нұрлан Бекжанов, Нұржан Исағалиев, Нұрсұлтан Зайзағалиев, Салауат Байралиевтердің жеңісті жолы жас буын абыроймен жалғауда. Әскер Наурызбай, Диас Қуанышкерей - жаңа есімдер.

Бұл қатар биыл толықты. Өзбекстан Республикасы, Ташкентте өткен чемпионатта армреслер ару Аяулым Есентайқызы 45 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдегер атанды. Осы жетістікті Жәдігер Рүстем Қостанай облысында қайталады.
Түркістанда жасөспірімдер арасында өткен дзюдо жарысында жас балуан Ерәмір Ізімғали жасындай жарқырады. Ол 79 келі салмақ дәрежесі бойынша республика жеңімпазы атанды. Ал, мектеп түлегі Ернат Исанов Тараз қаласында дзюдодан өткен ел чемпионатында қола медальға ие болды. Бұл жеңіс Ернаттың алдынан жаңа мүмкіндіктер жолын ашуда.
Руслан Чукуров жаттықтыратын жас футболшылардың жеңісі - аудан тарихының жарқын беті. Допты аяғында ойнатқан жымпитылық өрендер республикалық U-17 турнирінде үшінші орынға табан тіреді.
Бауыржан Ертілеуұлы салада мәселелер бар екенін де айтты. Мысалы, 2014 жылы пайдалануға берілген Жымпитыдағы дене-шынықтыру сауықтыру кешенінің төбесінен су ағып тұр. Жауынды күні ішке су сарылдайды. Ол мектептегі оқу-жаттығу жұмыстарына кедергі тигізбей қоймайды. Бапкер Руслан Чукуров ғимараттың жөндеуі еденді жаңғыртудан басталса деген ұсыныс айтты. Цемент пен резеңке төсемнің орынына ағаш жабын керек.
Екінші мәселе-спорт мектебіне автобус керек. Ескі “ГАЗель” қазір қадеге жарап тұр. Бірақ, тозған техниканың қай күні тұрып қалары белгісіз.
Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов не жағдайда да жаттығу сабақтарын тоқтатпауды және балаларды спорттық жарыстардан қалдырмауды тапсырды.
Жиналыста “Қайсар” спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов клуб жұмысы туралы баяндады. “Қайсар” - Сырым ауданындағы бұқаралық спорт қозғалысының “жүрегі”. 2025 жылы бүгінгі күнге дейін 61 спорттық шараға 2783 адам қатысқан. Ұлттық спорт сыңар дөңгелектей бірге еріп, бірге дамып келеді. Бұл бағытта ауданда 29 жарыс өткен. “Қайсарлықтар” үнемі сенбі мен жексенбіде жұмыс жасайды. Еңбек тәртібіне сай олар демалыста қызметке шыққаны үшін ақы алуға тиісті.
Клуб бүгінгі күні спорт округтердегі спорт нысандарын түгендеуде. Ерболат Наурызбайұлы С.Датұлы атындағы мәдени-демалыс саябағындағы спорт алаңын клуб теңгеріміне беруді сұрайды. Алаң тозған, тор қабырғасы селдіреген. Жөндеуге қою үшін спорт мекемесінің меншігіне өтуі тиіс.
Бапкерлер ауданда бұқаралық спортқа көңіл бөлінбей қалғанын айтты. Көпшілік жарыс өткізетін лайықты стадион жоқ.
Сырым аудандық мәслихатының Шынар Дүйсенғалиева Сырым ауданы спортшыларының киім формасын жаңарту туралы ұсыныс айтты.
Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Ерлан Сарсеновтің айтуынша, бүгінгі таңда “Қайсар” спорт клубының функциясын кеңейту жұмыстары жүруде. 16 спорт әдіскері бар. Алдағы уақытта клубқа қызметке медбике алынбақ.

Бапкерлерге де сөз кезегі тиді. Айбол Оразғалиев аудандағы қазақ күресі спортының болашағы үшін уайымдайды.
- Біз ересек балуандарды ескерусіз қалдырдық. Қолдау болмағасын, бозкілемді тастап, жұмыс іздеп кетті, - дейді ол.
Балуандардың күртесінен бастап, оқу-жаттығу жиындарына баруы, дәрумендері - бәрі қымбат тұрады. Сол шығын шешілмей, балуанға жағдай жасалмай, чемпион шықпайды.
Әсет Нығмет асық спортын дамыту туралы ойын айтты.
Спорт әдіскерлері, жаттықтырушылар білім беру мекемелері әріптестікте қызмет атқарса дейді.
Жаз айларында облыстық “Ақбидай” ауыл спорты ойындары тұр. Серік Тоқмамбетов аудандық құраманы жасақтауды, дайындыққа кірісуді тапсырды.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы