24.08.2018, 18:12
Оқылды: 61

Сырым ауданының әкімі ұстаздар үшін сыйақы тағайындады

 

Syrym tamyz (4)Пән олимпиадасында жетістікке жеткен оқушылардың ұстаздары үшін биылдан бастап енгізілген бұл жаңалық туралы Сырым аудандық білім беру бөлімінің педагог қызметкерлерінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде айтылды.  Айтылып қана қоймай, лайықты ұстаздарға арналған сыйақыны аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің өзі табыс етті. 


Республикалық пән олимпиадасында Қазақстан тарихы және құқық негіздері пәнінен жеңімпаз атанған және үздік танылған екі бірдей оқушыны дайындаған Қ. Мырзалиев атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Гүлдана Нұғмановаға 300 мың теңгенің сертификатын табысталса, Жырақұдық орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Райгүл Бабашеваға республикалық пән олимпиадасында жүлдегер атанған оқушы даярлағаны үшін 100 мың теңге сыйақы, І республикалық Қадыр оқулары байқауының жеңімпазы атанған оқушының ұстазы Сырым орта мектеп-балабақша кешенінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жанар Құрманғазиева мен Астана қаласының 20 жылдығына арналған Орал мен Астана арасындағы ІІ қиындық деңгейіндегі веложорыққа қатысушы, Сырым аудандық жас туристер станциясының үйірме жетекшісі Сырым Әжіғалиев 50 мың теңге сыйақыға ие болды.

Syrym tamyz (2)Кеңестің пленарлық мәжілісінде Талдыбұлақ орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Алтынгүл Қуанышева «Білім берудегі менеджмент», Қ. Мырзалиев атындағы мектептің директоры Марат Ақбасов «Педагогика саласындағы цифрландыру: басқару тәжірибесі және оған жаңа ұстанымдар», аталған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Гүлжан Тұржігітова «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілі үшін игі қадам», Сырым орта мектеп – балабақша кешені директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жанар Сағынғалиева «Жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қажеттілігі – жарқын болашақтың кепілі», Ж. Досмұхамедов атындағы атындағы орта мектеп-балабақша кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансұлу Төрешова «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жағдайында оқушы тәрбиелеуде ескеретін ұстанымдар» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндамаларда айтылған білім беру жүйесінің цифрлануы туралы мәселеге пленарлық мәжілістегі сөзінде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев те тоқталып кетті.
- Білім беру жүйесін цифрландыру әрбір қазақстандық үшін тиімді орта қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі күні ауданымыздың барлық мектептерінде орта білім берудегі оқу үдерісін автоматтандыру үшін 2017-2018 оқу жылынан бастап электронды журналдар жүйесі пайдаланылуда. Барлық мектептерде электронды күнделік жүйесі жұмыс істеп бастады. Қазір әрбір ата-ана интернет арқылы «электронды күнделікке» дербес пароль арқылы кіріп, баласының үлгерімін үйден күн сайын қадағалай алады. Бұл жұмыстар Абай, Бұлан орта мектептері мен Көздіғара негізгі мектебінде жақсы жолға қойылған.

Syrym tamyz (1)Таяу арада ғаламторға қосылмаған мектептердің де мәселесі шешіледі. Аудан тарапынан «Білімbook» бағдарламасын мектептерге қосуға қаржы бөлінді, жұмыс іске асырылуда. Білім жүйесін автоматтандыру, яғни балабақшаларға кезекке тұру және жолдама беру, мектептерге қабылдау, өзара ауысу енді электронды режимде жүзеге асады. Биылғы жылы Ж. Досмұхамедов атындағы орта мектеп -балабақша кешені, «Балдырған» балабақшасы мен «Айналайын» балабақшасы осы режимге көшеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының іске асуының нақты көрінісі деп Қ. Мырзалиев атындағы мектептегі ІТ сыныптың жұмысын айтуға болады. – деді аудан әкімі.

Сырым ауданында биыл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында демеушілер тарапынан 17 млн. теңгенің жобасы жүзеге асқан. Бұл жобалардың ішінде білім беру саласына игілікті болып отырғандары да бар. Аудан әкімі білім саласына әлі де демеушілер тартуды, кәсіпкерлердің балалардың демалуы мен білім алуына жағдай жасауға деген ынтасын оятуды тапсырды. «Білімге салынған инвестицияның қайтарымы мол», - деп айтты бұл туралы Төлеген Төреғалиев.

Аудан әкімінің айтуынша, енді ауданда домбыра тарта білетін оқушылар санын көбейту, қобыз, асатаяқ, дауылпаз аспаптарын үйрену сыныптарын ашу жұмыстары да қолға алынбақ.

Syrym tamyz (5)Кеңесте ауданның бірқатар педагогтары Сырым ауданы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. БҚО білім басқармасының өкілі, облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина Бұлдырты орта мектебінің география және биология пәндерінің мұғалімі Лаура Сәрсенғалиеваға ҚР Білім және ғылым министрлігінің білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін, Сырым колледжінің директоры Санат Берсебаевқа «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті. Аудан мұғалімдерінің ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хатына, облыстық білім басқармасының, аудандық білім беру бөлімінің Құрмет грамоталарына» ие болғандар бар.
«Оқу-тәрбие саласында үздік нәтижесі көрсеткен орта мектеп» аталымымен Қ. Мырзалиев атындағы орта мектеп, негізгі мектептен Қызылағаш негізгі мектебі, мектепке дейінгі ұйымдардан Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша кешені, «Мемлекеттік грант ұтып алуда үздік нәтиже көрсеткен» мектеп болып Қособа орта мектеп-балабақша кешені, «Үздік жазғы мектепішілік лагерь» ұйымдастырғаны үшін Бұлан орта мектебі, «Рухани жаңғыру» аясында үздік ғылыми жоба дайындағаны үшін» В.И.Шубин атындағы орта мектеп, «Цифрлық технологияларды қолдануда үздік нәтиже көрсеткені үшін» Абай орта мектебінің ұжымы марапатталды. Марапатты Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиева табыстады.
Айта кетейік, аудан педагогтарының тамыз мәслихатының секциялық отырыстары аудан орталығындағы мектептер мен «Достық» жазғы демалыс лагерінің базасында 17-23 тамыз күндері өткізілді. 12 бағыт бойынша өткен секция жұмыстарына 500-ге жуық педагог қатысты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Syrym tamyz (6) Syrym tamyz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале