Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықпен кездесуінде Жаңа Қазақстан, Әділетті мемлекет құруда зиялы қауымның, оның ішінде ардагерлердің маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «Қариясы бар үйдің қазынасы бар», - дейді атам қазақ.
Ал қазақ қоғамы үшін қазыналы қариялардың алар орны бөлек. Өйткені, ардагерлер қауымы – өмірден көрген мол тәжірибе, көңілге тоқыған ой-толғамдарын жас ұрпаққа парасаттылық деңгейінде жеткізе білетін ең басты тұтқа.
Білмегенді жөнге салып, тентекті ақылымен тия білетін де осы ардагерлер.
Бұрынғы заманның үлкендері бірауыз сөзбен-ақ жанжалды тоқтатып, тараптарды татуластыра білгендігін тарихтан куәміз.
Ал қазіргі қоғам ырғағында сондай ауызы дуалы ардагерлермен жұмыстануды басты мұрат етудеміз.
Бүгінгі таңда аудан бойынша 2 300-ге жуық зейнеткер ардагер мен 50-ге жуық тыл ардагері есепте бар. Ал жыл басынан бері аудандық ардагерлер кеңесінде ардагерлердің қатысуымен діни ахуал, оның жөн-жоралғылары жөнінде бас имам Нұрәлім Қисметов және теолог маман Абдувахид Бабахановтың қатысуымен арнайы жиын өткізілді.
Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауғанның отты жалыны» атты ардагерлермен кездесу, Алғыс айту, Наурыз мерекесі, «Батамен ел көгерер» атты аудандық бата берушілер сайысы да жоспарлы деңгейде әсерлі өткізілді.
Ал аудан орталығы мен ауылдық округтердегі мерейлі жасқа толған еңбек ардагерлеріне арнайы барып, сәлем беру, мерейлі жасымен құттықтап, аудан әкімдігі тарапынан сый-сияпат көрсету жағы үнемі тұрақты жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ соңғы кездері облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергенмен тұрақты байланыс орната білудің нәтижесінде Батыс қазақстан облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісі ауданымыздың елге еңбегі сіңген бір топ еңбек ардагерлерінің өңірлеріне де тағыла бастады.
Биылғы жылы көңілді марқайтып, қуантатын сәттің бірі ол – облыс орталығында тұратын, жерлес ардагерлердің арнайы шақыртумен 1-ші қазан қариялар күніне орай «Алаша» мейрамханасында жайылған дастарханда тоғысулары еді.
Бұл күні Орал қаласынан келген жерлестеріміз Сырым Датұлы атындағы музейде болып, жаңа ғимараттармен танысып, аудандағы жерлестерін көріп мәре-сәре болды.
Міне, жыл басында жоспарға енгізілген осы жұмыстың жүзеге асырыла білуіне басты ұйытқы болған аудан басшылары Ж.Батырниязов, А.Шерғалиев, Т.Құбаевқа ардагерлердің айтар алғыстары шексіз.
Жыл ішінде облыс орталығында ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов және облыс әкімі Нариман Төреғалиевпен облыс ардагерлерінің «Атамекен» өнер орталығында, облыстық ардагерлер кеңесінде кездесулері, ардагерлерге деген жылы ілтипат, құрметтің бір түрі болса керек.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, орынбасары Ержан Төлегеновпен ауданға жыл ішінде төрт рет ат басын бұрып келуі ардагерлер жұмысын қадағалау, оның жай-жапсарын білу бағытындағы сапар деп бағалаған жөн.
Сырымдық ардагерлер мәдени, спорттық шаралардан тысқары қалмай, белсенділік танытып жатыр. Мысалы, «Қадыр – қазына» жобасы аясында өткізілген облыс орталығындағы шарада ардагерлер құрметті қонақ болса, бұқаралық спортты дамыту, салауатты қоғам қалыптастыруды насихаттау бағытындағы зейнеткер ардагерлер арасында өткізілген облыстық сайыста ауданның ардагерлер командасы жарысқа қатысқан 12 команданың арасында жүлделі екінші орынды жеңіп алып, арнайы диплом, 150 мың тенгелік сертификатпен марпатталды.
Ал Қадыр Мырза Әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында өткізілген «Бата дарып, бақ қонсын» атты облыстық батагөйлер сайысына Жосалы ауылынан қатысқан еңбек ардагері Төлеген Құмашев жеңімпаз танылып, арнайы диплом, сыйлықпен марапатталғаны аудан үшін зор мәртебе.
Әрине, ардагерлерді оңалту, құрметтеу бағытында атқарылып жатырған істер баршылық. Аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, емдік шара, құрал-жабдықтармен қамту, емдеу орындарына жолдама беру жағы іске асырылуда.
Орал қаласындағы қариялар үйімен байланыс орнатып, жерлестердің хал-ахуалын білу, оларға құрмет көрсету де әр жылы жүргізілуде. Десек те, көңілді мазалайтын түйінді мәселелер де бар. Бізде заң бойынша барлық жеңілдік Ұлы Отан соғысына қатысқан және тыл ардагерлеріне қарастырылған. Ал, күндіз-түні аянбай еңбек етіп, елдің дамуына сүбелі үлесін қосқан еңбек адамдары болса тасада қалып отырғандығы заман шындығы.
Сондықтан еңбек адамдары, яғни бүгінгі зейнеткерлер де заңды тұрғыда осы санатқа қосылып, қолдау көруіне құзырлы орындар көңіл бөлсе.
Сондай-ақ аудандық ауруханаға барған зейнеткерлердің ұзын кезекте сарылып тұрмаулары үшін оларды қабылдайтын арнайы дәрігер мен бөлменің болуы тиіс. Зейнеткерлерге арналған мұндай қалыпты жағдай көрші Ақжайық ауданында жүзеге асып, тұрақты қызмет жасап отырғандығы үлгі аларлық құбылыс.
Мүсірбек Айташев
Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы