Сырым аудандық полиция бөлімі былтыр «Алкоголь сатпайтын ауыл!» деген жоба бастады. Полиция не үшін халықты, кәсіпкерлерді ішімдіксіз сауда жасауға үндеуде? Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ербол Әлімбекеровтың пікірін білдік.

- Алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту – ауқымды мәселе болып көрінгенімен, түбі игілікке әкелетін іс екенін айтқым келеді. Иә, 2021 жылы біз аудандық мемлекеттік кірістер бөлімінің басшысы Арман Гумаровпен, газет қызметкерлерімен бірге Жетікөл ауылдық округінде жергілікті активпен кездестік. Ортаға ауылда арақ-шарап өнімдерін сатпау мәселесін қойдық. Халық бастамамызға оң ниет танытып тұр. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтиже алдағы уақытта болады деп ойлаймын.
Алкоголь сатылмайтын ауыл – қылмысы аз ауыл. Әрине, қылмыстың бәрі алкогольдың кесірінен болып жатыр деуге тағы негіз жоқ. Дегенмен бұзақылық, көлік апаты, тұрмыстық зорлық - зомбылық сияқты оқиғаларға ішімдікті шамадан тыс пайдалану себеп болып жатқанын байқап жүрміз.
Былтыр Сырым ауданында масайған күйде ұрлық жасау, тіпті адам өлтіру фактілері болды. 2022 жылдың 3 айында арақ-шарап тұтынып жасалған қылмыс тіркелген жоқ.
2021 жылы кәсіпкер ретінде тіркелмеген, алкоголь сатуға лицензиясы жоқ бола тұра тұрғылықты мекенжайында ішімдік сатқан тұлға анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 463-бабы, 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған Сырым аудандық сотының шешімімен 32 161 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, тыйым салынған уақыттан тыс арақ-шарап саудасын жасаған бір кәсіпкер де ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 200-бабы, 3-бөлігімен жауапкершілікке тартылды. Оның айыппұлының көлемі 81 676 теңгені құрады.
Мақсатымыз – кінәліні жазалау емес, тәртіпсіздікті болдырмау, елді көркейту. Алкоголь сатылмаса, елде береке болар еді.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz