24.11.2024, 20:22
Оқылды: 6

Сырымда аудандық І Бауыржан оқулары өтті

Кеше Сырым ауданында Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сырым ауданының құрметті азаматы, белгілі ақын, айтыскер Бауыржан Халиолланың 45 жасқа толуына орай мектеп оқушылары арасындағы «Өлең сенсің жалқы сырлас, жолдасым!» атты аудандық І Бауыржан оқулары өтті.

photo-output

Әдеби сайысты өткізуге бастамашы болған —  Ж.Ерман атындағы айтыс мектебі.

Ақын шығармашылығын насихаттауға арналған аудандық байқаудың бірінші кезеңінде үміткерлер Бауыржан Халиолланың өзіне сүйікті бір өлеңін, екінші кезеңде тізімдегі, қазылар таңдаған жырды оқыды. Сайыскерлер жас ерекшелігіне қарай екі топқа жіктелді.
І Бауыржан оқуларының қатысушылары мен меймандарын ақынның туған ауылы Қособа ауылдық округі құрметпен қабылдады.

Сырым аудандық білім беру бөлімі, Қособа ауылдық округіндегі мектеп пен мәдениет үйі шараны өткізуде зор шеберлік танытты.

Жырдың тойына, өлеңнің мерекесіне автор Бауыржан Халиолланың өзі келіп, көрермен болып, таңдаулы балаларға жеке сыйлығын тапсырды.

PHOTO-2024-11-23-22-27-41

Жүлдегерлер кімдер?! Олар туралы толығырақ «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің бетінен оқисыздар. Әзірге кіші топтан көгерістік Айкөркем Өмір, ал жоғарғы топтан қособалық Айсезім Қаспай жеңімпаз атанғанын хабарлай кетейік.

Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале