Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Сырым ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық ардагерлер кеңесінің қолдауымен, аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК-ның ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Батамен ел көгерер» атты аудандық бата берушілер сайысы өтті.
Байқауға Жымпиты, Тоғанас, Жамбыл ауылдарынан 16-70 жас аралығындағы үміткерлер қатысып, екі кезең бойынша бақ сынады.
Яғни, олар Отанға, елге, туған жерге байланысты, сондай - ақ жеребе тастау арқылы дастархан батасы, келінге, жастарға беретін бата, алыс сапарға жол жүрушіге беретін бата бойынша сынға түсті.
Байқау қорытындысында әділ қазылардың шешімімен жамбылдық Мәди Қайыров «Үздік батагөй», жымпитылық Азамат Құдияров «Ерекше батагөй», тоғанастық Қобылан Демеуетов «Ерекше батагөй» аталымдарына ие болып Алғыс хаттар мен марапатталып, иықтарына ұлттық киім шапан жабылды.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы