"Көкбөрі", "Ақ тұлпар" өлеңдер, әңгімелер жинағы мен "Он төрт", "Абадан" романдары көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Бүгін Сырым аудандық мәдениет үйінде ақын, жазушы, журналист Мұнайдар Балмолданың Алашорда Батыс бөлімшесінің төрағасы, заңгер Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толуына арналған "Дала көкжалы" кітабының таныстырылымы өтті.
- Биылғы жыл аудан үшін Сырым Датұлының – 280, Алаш қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың 135 жылдығы секілді бірқатар мәдени шараларға толы. Осы мерейлі жылға орай ауданымызға Мұнайдар Балмолда үлкен сый жасап отыр, – деді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөзінде. Аудан әкімі қаламгердің иығына шапан жапса, Жаһаншаның ұрпағы, "Нұрғали" шаруа қожалығының жетекшісі Кәкен Нұрғалиев ат мінгізді.
Кеш қонағы, "Дана" орталығының директоры Жантас Сафуллин сөз кезегін алып, М.Балмолданың азаматтық болмысына тоқталып, аталмыш туындыны "Дала көкжалын" ең алдымен Жаһаншаның туған елі жіті білуі тиіс" деді. Одан бөлек, Ж.Сафуллин Мәскеудегі Жаһанша өмірінің соңғы жылдары өткен үйге ат басын тіреп, Алаш қайраткерінің атын өшірмеу мақсатындағы тақтайша мәселесімен айналысқанын да тілек тиек етіп, Мәскеудегі Жаһанша жайлы жинақталған тың дерекке толы жинағын аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваға табыстады.
Жаһанша мектебінің оқушылары Мұнайдар Мұханбетжанұлының өлеңдерін жатқа оқып жырмен сусындатса, А.Алдамжаров "Хафиздің әнін", А.Елшібеков "Ұрпаққа аманат" әндерін нақышына келтіре орындады.
"Ашық микрофон" айдарында оқырмандар қаламгерге сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.
Сондай-ақ "Дала көкжалы" романы жайында ардагер ұстаз Ким Федянин, Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының мүшелері Махмет Қажиахметов, Мүсірбек Айташев өз ойларын айтып, қаламгер әріптестеріне жылы лебіздерін білдірді.
Кеш соңында, оқырмандар "Дала көкжалы" авторымен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz