18.05.2026, 17:30
Оқылды: 0

Сырымда экологиялық бастамалар қолдау тапты

Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов мектеп оқушыларынан құралған “Экоқорғаушылар” ұйымының мүшелерін қабылдады.

PHOTO-2026-05-18-15-19-50

2022 жылы М. Қаналиев атындағы мектеп - балабақша - бөбекжай кешенінің жанынан ашылған үйірме жыл мезгілдеріне сай экологиялық шараларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Өзен маңын қоқыстан тазалау, тұрмыстық қалдықтарды пайда көзіне жарату, бұлақ көзін ашу - алғабастық экоқорғаушылардың сабақтан тыс уақытта айналысатын азаматтық міндеттері. Жасыл жейделілер екі жыл қатарынан тоғандарда бөлініп қалған балықтарды сүзіп, өзенге жіберіп сауапты іс жасады. Ол туралы мультфильм де дайындалды. Өзен жағалағанның өзегі талмайтыны, еңбек еткеннің еркін самғайтыны рас. Наурыз айында М. Қаналиев атындағы мектептің «Экоқорғаушылар» еріктілер тобы, жетекшісі Нұрболат Жұмағазиев пен шәкірттерін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Астанаға шақырып, арнайы қабылдады.

PHOTO-2026-05-18-15-19-51

Министрге оқушылардың ауыл экологиясын дамыту туралы бастамалары ұнаған. Бүгінгі қабылдауға Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбылов, бөлім мамандары және М. Қаналиев атындағы мектеп - балабақша - бөбекжай кешенінің директоры Сәлмен Ибрагимов қатысты. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов туған жерге деген махаббат ауылды сүюден басталатынын, “Экоқорғаушылардың” кіші Отандарына, табиғатқа деген сүйіспеншілігі замандастарына үлгі етуге лайық екенін айтты. Ұйымның негізін салушы, мектеп тәлімгері Нұрболат Жұмағазиевке және экология “жауынгерлері” - Медет Бердіғали, Саян Құмар, Нұршат Батырғали, Айдар Бақытжанды аудан әкімі алғыс хатпен, естелік сыйлықтармен марапаттады. Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловтың қолдауымен бүгінде экологиялық үйірме тәжірибесі ауданның барлық мектебі бойынша таратылуда.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сурет Қоңдыкер Елеуовтікі

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале