Сырым аудандық демалыс орталығында Батыс Қазақстан облысындағы қайырымдылық айлығы аясында XXVI шығармашылық аудандық фестиваль өтті.
Фестивальдің мақсаты – мүгедектігі бар адамдардың шығармашылық өнері арқылы әлеуметтік сауықтыру, ой-өрісін кеңейту, шығармашылық қабілетін іске асыру, сонымен қатар талант иелерін қоғам өміріне араластыру.
«Эстрадалық вокал», «Көркем сөз оқу», «Музыкалық аспапта ойнау», «Көрме» сынды төрт кезеңнен тұратын фестивалға 16 жастан жоғары үміткерлер қатысты.
Ауданының Жетікөл, Бұлдырты, Жымпиты, Алғабас, Тасқұдық, Елтай, Сарой, Бұлан, Көгеріс ауылдарынан келген дарындардың өнеріне «вокал» жанры бойынша Айгүл Сисенова, «көркем сөз оқу» бойынша Сәндібек Өтеғалиев, «музыкалық аспапта ойнау» кезеңі бойынша Армат Алдамжаров және «көрме» жанры бойынша Арнұр Қажимов әділқазылық етті.
Әділқазылардың шешімімен «көрме» бағыты бойынша Айкөркем Есімова (Жымпиты ауылы) 1 орын, Айсұлу Сағидуллина (Бұлдырты ауылы) 2 орын, Айбат Кажимов (Бұлдырты ауылы) 3 орынды қанжығаласа, «вокал» жанры бойынша Айгерім Нұршаева (Тоғанас ауылы) 1 орын, Гүлбике Алиханова (Жетікөл ауылы) 2 орын, Назгүл Тілегенова (Бұлдырты ауылы) 3 орынды иеленді.
«Көркем сөз оқу» бағытында 1 орын Аманбай Хамидуллин (Алғабас), 2 орын Ақерке Ажгалиева (Тасқұдық), 3 орын Нұржан Молданиязовқа (Жетікөл) бұйырды.
«Музыкалық аспапта ойнау» жанрында 1 орынды Жәрдем Мұхамбетжанов (Жымпиты ауылы) иеленсе, 2 орын Аманбай Хамидуллиннің (Алғабас ауылы) қанжығасында.
Қоңдыкер Жеңісұлы
Сырым ауданы