8.08.2024, 10:30
Оқылды: 101

Сырымда қайырымдылыққа арналып лотерея ойнатылды

Көзі қарақты оқырмандардың есінде болуы тиіс Сырым аудандық мәдениет үйінде Түркия елінде ем алып жатқан жерлесіміз, дамуы ерекше балалардың оңалуына үлес қосқан маман, Сырым аудандық педагогикалық-психологиялық түзеу кабиниетінің меңгерушісі Аида Ниязғалиеваның еміне арналған қайырымдылық концерті өткізілді. Жұрт жарты миллионды сол жерде жинап берді.

6A920E4D-1760-4CB9-859D-2BFD56759110

Сурет фотограф Мейірбек Тәжқұрановтың жеке парақшасынан алынды

Бірлік, ұйымшылдық, халықтың ақ жүректі қолдауымен өткізілген осы «Мейір жүрек» қайырымдылық концертінің жалғасы ретінде тамыздың тамылжыған алғашқы күнінің кешінде аудан орталығындағы Сырым саябағында «Мейірім жолында» атты қайырымдылық лотереясы ойнатылды.

Ұтыс ойынын өткізуге Аида Кимқызының достары, ұжымы, кәсіпкерлер мұрындық болды. Бас жүлдеге тігілген жылқы, ешкілерді, ақшалай сыйлықты тағайындаған да – солар. Қайырымдылық лотереясы билетінің ұтыс тәртібін, тұрғындарға хабардар етуші, мәдениет қызметкері Ақкүміс Мұрадымова «Мейірім жолында» қайырымдылық шарасы тікелей желі арқылы таратылып, хабарға Қазақстанның барлық өңірі байланысқа шығып отырғандығын ескертті.

 

Қайырымдылық шарасына қатысушы мейлі ол ауылдан, не қаладан болсын лотерея билетінен ұтқан 5 000 теңгелік ұтысын сол бойда Аиданың емі үшін ашылған арнайы есепшотқа аударып жатты.

Бас жүлде жылқыны Орал қаласының тұрғыны ұтса, ешкілер жымпитылықтардың ауласында қалды. Қайырымдылық лотереясы билетін сатудан түскен қаражат көлемі түгелдей Аида Ниязғалиеваның есепшотына аударылды.

Қайырымдылық шарасын өткізуге үн қосып, белсенділік танытқан қауымға, тілеулес жандарға тікелей желі арқылы көзіне жас алып, ризашылығын білдірген Аида Кимқызының елге деген сағынышын шараға қатысушы әрбір тұрғын шынайы қабылдап, сауығып кетуін тілеп жатты.

Мүсірбек Әлібекұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале