Бүгін Сырым ауданында қос бірдей ветеринариялық пункт халық игілігіне ұсынылды.

Қособа, Бұлдырты ауылдарында құрылыс жұмысы аяқталған ветеринариялық нысандардың салтанатты лентасы қиылып, сала мамандарына қолданысқа берілді.
Аталған пункттің ашылу рәсіміне аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, облыстық ветеринария басшысы Абзал Бралиев, аудандық ветеринариялық станция басшысының міндетін атқарушы Армат Журалиев қатысты.
Тұрғындар ауыл ішіне құны 17 млн теңгені құрайтын ғимаратты тұрғызған мердігер Алихан Тілекқабыловқа және аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Ветеринариялық пункт фельдшерлік және ИСЖ мамандарынан бөлек ішкі жұмыстар бойынша 6 ветеринариялық қызметкерді жұмыспен қамтиды. Мамандандырылған ғимарат толықтай дәрі-дәрмек, үй жануарларын емдеу ісіне қажетті құрал-сайман, қажетті температураны қалыпты деңгейде ұсынатын тоңазтқыштар, ауыл ішіндегі қараусыз қалған бұралқы иттерді аулауға арналған құралдармен, тіпті, сырға салу секілді ветеринария мамандарының арнайы жұмысын жүргізетін стандартталған ауламен қамтамасыз етілген. Жуық арада аталған мекемеге мемлекет тарапынан жаңа көлік ұсынылатыны жөнінде де айтылды.
“Қособа, Бұлдырты ауылдары үй жануарлары санынан аудан бойынша алдыңғы қатардан көрінген мекен. Ауыл тұрғындарымен сала мамандарына ұсынылған ғимарат ел игілігіне жарасын.” -деп, тілек білдірді облыстық ветеринария басқармасының басшысы.
Қ. Жеңісұлы
Сырым ауданы