Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және №14 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлерін 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңында қабылдап, кәсіби мерекемен құттықтады.
– Биыл төтенше жағдайлар қызметінің құрылғанына – 29 жыл толды. Осынау қиын да күрделі салада жүрген азаматтар өз басын қатерге тігіп, тәуекелге бел буып, қаншама азаматтарымызды тілсіз жаудан құтқарды. Мұндай жұмыста алдымен қызметкерлерге батылдық, кәсіби шеберлік, мықты жүрек керек. Жүктелген міндеттерді қиындығы мен қауіптілігіне қарамастан, абыроймен, адал атқарып жатқан қызметтеріңіз үшін, су тасқыны кезінде белуардан су кешіп, халықты қауіпсіз жерге көшіріп, аман алып қалудағы қалтқысыз еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын, - деген аудан әкімі құтқарушыларға алғысхат табыс етті.
Марапатқа ие болғандар қатарында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы Ерболат Сайлыбаев, инженері Болат Жақсылық, №14 өрт сөндіру бөлімшесінің командирлері Сырым Ғазизов, Азамат Шамаров, жүргізушілері Мәдениет Сәрсенов, Нұрлыбек Тоқтамов, Айбек Төлегенов, өрт сөндірушілері Өркен Кенжебек, Кемел Серғали, Аят Төлеуғалиев, Айдос Имашев, Бұлдырты ауылының мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің қызметкерлері Асхат Ізбасов, Есенгелді Рахметов, Тоғанас ауылының мемлекеттік емес өртке қарсы қызметінің қызметкерлері Алексей Хайруллаұлы, Жалғас Мұратұлы бар.
Айта кетейік, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеті құрылды.
Президенттің №2541 Өкімімен «19 қазан – Құтқарушылар күні» деп ресми түрде жарияланған болатын.
Шынар Молданиязова
Сырым ауданы