Сырым ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және қадағалау жөніндегі топ жұмыс жасайды.
Негізгі мақсат – аудан көлемінде баға саясатын тұрақтандыру.
Кеше топ мүшелері Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев, «Amanat» партиясы Сырым аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев және Жымпиты ауылдық округі әкімінің орынбасары Қайрат Әбсатыров аудан орталығындағы бірқатар дүкендерді аралап, бағаларымен танысты.
Себебі жаңа жыл алдындағы абыр-сабырды пайдаланып, тауар бағасын аспандатып жіберетіндер кездеседі.
Бекітілген кестеде әлеуметтік маңызы бар тауарлар саны – 19. Тізімге күріш, қарақұмық, ұн өнімдері, сиыр мен тауық еті, сүт, айран, ірімшік, жұмыртқа, сары май, өсімдік майы, қант пен тұз және қырыққабат, сәбіз, картоп секілді көкөніс түрлері кіреді. Міне, халықтық тұтынымдағы осы тауарлар шекті межеден қымбатқа сатылмауға тиісті.
Жұмыс тобы аялдаған «Айша» дүкені, «Аққу», «Інжу», «Өркен» супермаркеттерінде азық-түлік бағалары көңілге қонымды. Байқағанымыз, дүкен сөрелерінде отандық өнімнің үлесі 80%-ға жеткен.
Қазіргі таңда сырымдық кәсіпкерлер тек алып-сатумен емес, жеке өндірістерін жолға қоюмен де айналысуда. Мәселен, «Аққу» дүкені күніне 300 дана нан пісіреді. Бұдан бөлек, «Аққудың» тәтті қосылған нандары, торттары, тұшпара мен самса, жаймалары да кең сұраныста.
Жымпитыдағы «Қалқаман» дүкені де нан өнімдерін шығаруды бастады.
Сырым ауданында нанның орташа бағасы 190-210 теңге аралығында.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы