Бүгін Сырым ауданының Қособа ауылында Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін түйе палуаны, «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Қожагелдин Оралбек Матниязұлының туғанына 60 жыл толуына арналған дзюдо күресінен 2012-2013 жылғы туған жасөспірімдер арасында аудандық турнир өтіп жатыр.
Бозкілемде ауданның Алғабас, Елтай, Жетікөл, Жосалы, Жымпиты, Көгеріс, Көздіғара, Өлеңті, Талдыбұлақ, Қособа ауылдарынан жас спортшылар бақ сынап жатыр.
Аудандық турнирдің ашылу салтанатының алғы сөзі ауыл әкімі Бейімбет Жайманов пен ел мақтанышы болған Оралбектің бауыры Сабыр Қожагелдинге берілді.
Артына өшпес із қалдырған түйе палуан Оралбек марқұмның жаттықтырушы ұстазы, өмірдегі сырлас досы болған Серікбай Жукеевке марқұм Оралбек Қожагелдиннің інілері Тұрарбек Габдуллин және Жоламан Байболатов шапан жауып құрмет көрсетті.
Қособа ауылының әкімі Бейімбет Жайманов ауыл төрінде өткізіліп жатқан аудандық турнирдің төрешісі Батырбек Мұратовқа құрмет білдіріп, бес жылқы бейнелеген картина табыс етті.
Сонымен қатар Әділхан Альмурзин Оралбек Қожагелдиндей нар тұлға ағаларының ізін басып, күрес кілемінде жаттығып жүрген ауыл жастарына арнайы спорттық кимоноларын тарту етті.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы