Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым аудандық мәслихатының кезекті XVII сессиясы болып, сессия жұмысына аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов, аудан әкімі аппаратының басшысы Ерболат Ахметов, ауылдық округтің әкімдері, бөлім, мекеме басшылары қатысты.
Сессия жұмысын төраға Шынар Дүйсенғалиева жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде қаралған бірнеше мәселелердің арасында аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиевтің “Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының орындалуы туралы” және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ғабит Жасталаптың “Техногендік және табиғи төтенше жағдайлардың алдын алу, жою бойынша төтенше жағдай қызметінің жұмысы туралы” жасаған хабарламалары депутаттар тарапынан көкейде жүрген түйткілді ой-пікірлерді қозғауға себепкер болды.
Мәселен, депутаттардың көпшілігін ауылдағы мектеп, балабақша жағдайы, тасқын су қаупі де мазалайды екен.
Айталық, аудандық мәслихаттың депутаты Батырхан Нұхиев Өлеңті ауылындағы Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектептегі Қайрат Кәкімовтың атындағы дәстүрлі ән сыныбына кәсіби маман қажеттігін, ауылдағы балабақшаның еденіне өрнек тас төсеу қажеттігін айтып Досжан Ересұлына сауал жолдаса, бұлдыртылық депутат Ербол Бекжанов округтегі су жүретін арналарды қардан тазарту туралы бөлім басшысы Ғабит Жасталапқа ұсынбасын айтты.
Депутаттар тарапынан айтылған ұсынба, сауалдарға сала басшылары тиісті жауаптарын берді.
Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаттары Айнагүл Ойшыбаева, Серік Зиятов, Талғат Дарғожиев, Айдархан Рамазанов, облыстық мәслихаттың депутаты Ғанимат Нұрмұханов аудан көлеміндегі өзекті мәселелер білім, тасқын су, байланыс саласы бағытындағы қордаланған жәйттер туралы өзіндік ой-пікірлерін ортаға салды.
Сессияда “Сырым аудандық мәслихатының 2023 жылы атқарған жұмысы туралы” аудандық мәслихаттың төрағасы Шынар Дүйсенғалиева хабарлама жасады.
Сессия жұмысын аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов қорытындылап, сөз сөйледі.
Мүсірбек Айташев,
Суреттерді түсірген Айжан Амангелдина
Сырым ауданы