Сырым ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтың төрағалығымен ағымдағы жылдың жартыжылдық жұмыстары қорытындыланды.
Жиында хаттамалық тапсырмалардың орындалуы негізінде әрбір сала басшыларының есептері тыңдалды.
Атап айтар болсақ, аудандық статистика басқармасының басшысы Г.Беккужина халық санағын тиімді ұйымдастыру жолдарын, аудандағы көрсеткіштің жайын баяндаса, аудан әкімінің орынбасары Е.Ахметов жол-көлік оқиғаларының алдын алудағы басты қағидалар мен оларды шешу мақсатында жасалып жатырған қауіпсіздік жұмыстары, Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары К.Куспаев құқықбұзылықтың алдын алу шараларына тоқталып өтті.
Халықты жұмыспен қамту бөлімінің басшысы С.Иманғалиев жұмыспен қамтылған тұрғындардың ахуалы жөнінде ақпарат берсе, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Т.Айтқалиев санитарлық-тазалық айлығындағы қорытынды жұмыстарға тоқталды.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д.Тайшиев ІІ жартыжылдыққа мерзімдік басылымдарға жазылуға шақырса, күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі вакцинация жөніндегі статистикалық мәліметтерге, COVID-19 індетімен күрестегі басты қағидаттарға аудандық аурухана директоры Р.Тахамбетова кеңірек тоқталды.
Жиын соңында алдағы жартыжылдыққа жоспарлар талқыланып, тұралап қалған жұмыстар бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.
А.Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz