Аталмыш көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қолөнер шебері, Молдаш Каналиев атындағы Алғабас орта мектеп-балабақша кешені «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Нұрболат Қабиевтың шығармашылығына арналды.
Көрменің ашылу салтанатында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев көрерменді көрменің ашылуымен құттықтап, қолөнер шебері, қосымша білім беру педагогі Нұрболат Қабиевке шығармашылық табыс тіледі.
Көрменің өткізудегі басты мақсат - аудан халқына қолөнерші мен шәкірттерінің жұмысын таныстыру, дәріптеу, қазақ халқының қолөнер жұмысын насихаттау болғандықтан тұрғындардың тамашалауына қолжетімді болуы үшін көрме ашық аспан астында ұйымдастырылды.
Нұрболат Ұзақбайұлы шараға келген аудан әкімімен қатар, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шәкірттерімен жасаған туындыларының тарихын жекелей түсіндіріп, әр жұмысына тоқталды. Көздің жауын алатын, құнды композицияларға балалардың қызығушылығы ерекше болғандығын да айта кету керек. Жұмыстардың ішінде шебердің шәкірттерінің де жұмыстары қойылды.
Көрмеге шебердің қолынан шыққан жұмыстардың бір бөлігі ғана шығарылса, ең үздік деген "Ұлы бабалар үні" композициясы Нұр-Сұлтан қаласындағы Тұңғыш Президент мұражайына табысталған. Одан бөлек, автордың бірқатар өнер иелеріне жасаған кәдесыйлары да бар. Аудан әкімі көрмені көрші аудандарға апаруға қолдау көрсетуді білім беру бөліміне тапсырды.
Сырым аудандық білім бөлімінің баспасөз қызметі