26.01.2021, 14:45
Оқылды: 54

Сырымда тай жарыстырып, асау үйретті

Өткен аптаның сенбісінде Жымпитыда дала думаны өтті. Жігіттер тай жарыстырып, асау үйретті.

_MG_1429

Осқырынған он тайдың сөреден атылуымен тайлар аламанының осы жылғы маусымы ашылды. Әуелден белгілі, бәйге дегенің – қылқұйрықтардың құйғытып шаба беруі емес қой. Бәйге – атбегінің ақылы, шабандоздың тақымы, сосын барып жүйріктің бабы мен бағы сыналатын жері. Кешегі жарыс осы сөзіміздің дәлел-дәйегіндей болды.

_MG_1466

Жарыс жолына кірген он тай басында бір-бірінен қалып қоймауға тырысып бақты. Дегенмен, жүйріктің қабілеті мен шабандоздың шеберлігі біріккесін болды ғой, әлі жеткендері алдыға суырыла бастайды. Міне, Нұрсұлтан Өтепов тақымдаған Көсем көп ішінен шығып, дара шауып келеді. Әрине, көшті бастамаса Көсем атына сын ғой. Жүрісінен жаңылмай, Ақылбек Құрматовтың торы тайы сол шапқаннан мәре сызығын бірінші болып үзгенше тоқтаған жоқ. Көсемнен кейін көп кешікпей, маңдайы жарқырап Төлеби Қайыржановтың Ақмаңдайы келді. Шабандоз – Бекжан Халиуллин. Үшінші жүлдені Хамит Тұрлыхан мінген жиренқасқа Пегасус еншіледі. Иесі – Қуаныш Райымов. Төлебидің жарысқа қосқан екінші тайының да шабысы жақсы екен. Серік Дәулет тізгіндеген Жезтырнақ төртінші болып мәре сызығын қиды. Жезтырнақтың дүбірін суытпай, жарысты аяқтаған көршілес Бұлан ауылынан келген Орал Тажғалиевтің Лашынын да көрермен құрметпен қарсы алды.

_MG_1521

Жігіттердің асаумен алысқаны тай жарысынан да қызық болды. Ұйымдастырушылар алаңға бір тай мен бір дөненді алып шықты. Екеуінің де жалына желден басқа ештеңе тимеген. Тай үйретуге 6 азамат, ал дөнен үйретуге 7 жігіт қатысты. Алаңда жылқының мінезі мен жігіттің рухы күреске түсті. Асауға бас білдіруде өте ептілік танытқан Мейірбек Қанатов пен Төлеби Қайыржановтың өнеріне халық ризашылықпен қол соқты.

IMG_1540

Даладағы думанды тек «Қайсар» спорт клубы ұйымдастырды десек, ыңғайсыз болады. Өйткені ат десе, орынынан атып тұратын ауылдың азаматтары ұйымдастырушылармен бірге жүрді. Күні бұрын қатысушыларды құлақтандырып, тай баптап, шабандоздарды дайындап, жарыс жолының қарын қырғызып, қыруар шаруа жасады олар да.

IMG_1580

Естеріңізде болса, былтыр Ерболат Мұқанов басқаратын «Қайсар» спорт клубының жанынан ат спорты үйірмесі ашылған еді. Сол үйірме тек үйірме емес, атқұмар азаматтар мен ұлттық спорт түрлерін сүйетін жастардың, әсіресе балалардың бас қосар берекелі ортасына айналғанға ұқсайды. Сол береке жоғалмасын!

 

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале