18.03.2019, 18:04
Оқылды: 137

Сырымда тай жарысы қорытындыланды

Осыған дейін Сырым ауданының орталығы мен барлық ауылдық округтерінде «Қайсар» спорт клубы және Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тай жарыстары өтті.

Тайлар аламанының 2018-2019 жылғы маусымы кеше «Ұлы дала дүбірі» атты ат спорты түрлерінен өткен аймақтық жарыспен қорытындыланды. Шараның салтанатты ашылуына Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының құрметті азаматы, кәсіпкер Құсайын Бақтияров, ауыл ақсақалы Сүйінғали Дауылов қатысты.

syrym at (4)

 

Жұртты таңғалдырған «Тасқын»

 

Бәйгеге барлығы 18 тай тіркелген болатын. Таныстыру кезеңінде 4 тай  жастан асып кеткендігіне байланысты жарыс жолағынан шығарылды. Ережеге сәйкес, жарысқа түсуші тайлардың жасы бірге жетпеуі керек.

Төрешінің айқайынан кейін қозғалып кеткен тайлар ширек айналымдай бытырамай, шамаласып шапты. Соның өзі біраз тайға ауыр тиді. Үш тай бірінші айналымды болдырған, болбыраған күйде аяқтады. Шабандоздары тайларын қинағаннан пайда жоқ екенін түсініп, жарыстан шығып кетті.

Екінші және үшінші айналымда тайлар арасында аса бір тартыс байқалған жоқ. Сырт көзге солай көрінгенімен, әрбірінің өз күшін сақтауға тырысып келе жатқаны түсінікті еді. Соңғы айналым – сақталған күштің салынатын уақыты. Оның үстіне, шабандоздар да жүйрігінің күшіне күш үстемелек болып, қайта-қайта қамшы ойнатып отырды.

Мәреге шабандоз Хамит Тұрлыхан тақымдаған «Гүлсары» атты тай мен Абай Кенжебаевтың «Сұркөжегі» және Қоңдыкер Елеуовтың «Тасқыны» қатар жақындады. Бәйгенің бәсекесі де негізінен осы үш тайдың арасында өрбіді. «Сұркөжек» те, «Гүлсары» да бірінші болып келер еді, «Тасқын» ширақтық танытпағанда. Бірақ, Қоңдыкердің әлі тай бола қоймаған 4 айлық құлыны – «Тасқын» мәреге екі тайдан бұрын жетіп, жұртты таңғалдырды. Жеңімпазға 50 000 теңге жүлде берілді. Тай жарысында «Гүлсары» ІІ, ал «Сұркөжек» ІІІ болып келді.

syrym at (6)

 

Аударыспақта – әкесі мен баласы

 

Аударыспақ тай жарысынан да қызық болды. Ат үстіндегі күреске 8 жігіт қатысты. Олар бір-бірімен жеребе арқылы жұпталды.

Төлеби Қайыржанов деген жігітті жымпитылықтар атбегі ретінде жақсы таниды. Бәйге мен көкпар болсын, аударыспақ болсын, қай-қайсысынан да тартынып көрмеген Төлеби кейінгі жылдары бапкерлікпен айналысып, ауыл балаларының бәрін атқа мінуге баулып жүр.

Қайыржанов Төлеби өзінің әкесі Қуанғалимен аударыспаққа шықты. баласы әкесіне қауқар көрсете қоймас, жеңіле салар деп ойлады жұрт. Бірақ, жеңемін деген күннің өзінде де Төлебиге оңай болмайды екен. Әрі байқасты, бері байқасты. Бір кезде әкесі еңгезердей баласын аттың үстінен жалғыз қолдың қайратымен жұлып алды. Халық ду қол соқты. Жеребе «соқыр» десе «соқыр» екен, бір уақытта аударыспаққа Төлебидің туған інілері Әспембет пен Жұмабай шықты. Аударыспақ осылайша Қайыржановтардың жанұялық жарысына ұқсап бара жатты.

syrym at (12)

Інісінен күші басым болған Әспембет финалға жолдама алып еді, оның финалдағы қарсыласы болып өзінің туған әкесі Қуанғали шықты. Баласы жеңісті әкесіне берді. Сөйтіп Қуанғали Өтепов аударыспақтан чемпион атанды. Үш баласының атқа қонып, топқа кіруі Қуанғалидай әке үшін чемпиондықтан да биік мәртебе еді.

Бұл жарыста Әспембет Қайыржанов ІІ, ал қособалық Бағдат Ғабдрахимов ІІІ орын алды. Жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов марапаттады.

 

Көшелер жігіттіктің мектебіне айналуы керек

 

Ат спорты түрлерінен спорттық жарыстардың аудан көлемінде жиі ұйымдастырылуына, соның ішінде жас балалардың ат спортына деген ынтасының оянуына Сырым ауданы әкімдігінің өзі мүдделі болып келеді. Үш жылдың ішіндегі үздіксіз жүргізілген жұмыс жаман нәтиже беріп жатқан жоқ.

-Тай жарыс, аударыспақ, асау үйрету сияқты жарыстардың спорттық маңызы өз алдына, бұлар ұлттық тәрбиенің де мықты құралына айналды. Алдыңғы жылдары атқұмар балалар жарысқа ауылдастарынан тай сұрап алып қатысатын еді. Қазір әр баланың өзінің тайы бар. Яғни, ауылдарда атқа мінуден бөлек ат ұстау, оны баптау мәдениеті де жақсы дамып келеді, - дейді «Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов.

Аудандық мәслихаттың депутаты, жарыстың бас төрешісі Серік Тоқмамбетов ауылдың көшелері төбелестің орнына емес, тай үйрету, атқа міну сияқты өнер игерілетін, жігіттік сабақтары көрсетілетін мектептерге айналуы керек деп есептейді. Серік Тоқмамбетов Қарасу мөлтек ауданы мен Өлеңті ауылындағы көшелер бұл бағытта белсенді екенін айтты.

Ауыл балаларының телефонға емес, тайға уақыт бөле бастағанын округтерде өткен тай жарыстарын ұйымдастыру кезінде аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат та байқапты.

syrym at (1) syrym at (3) syrym at (7) syrym at (8) syrym at (10) syrym at (15) syrym at (16) syrym at (18) syrym at (19)

 

Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

 

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале