Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың ұлттық қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра әрі мақтаныш.
Адам қиялының шексіздігін қолдың ісмерлігімен, ұсынақтылығымен қолөнерге айналдырды. Тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу-бабадан жалғасқан асыл өнер. Концерт пен спорттық шаралар да керек әрине!
Бірақ кейде неге тарихи түп-тамырымызға қарай тартатын ұлттық мұраларды жарқыратып көрсетпейміз деген ойда жүр едік. Кеше Бұлан ауылдық округінің орталығында өткен «Ұлттық дәстүр – тәрбие негізі» атты фестивальге барып, жоғымыз түгенделіп қайттық.
Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрді, рухани байлықты насихаттау үшін жасалған жақсы істің ұйымдастырушысы – Сырым аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің жанындағы «Демалыс орталығы» мекемесі.
Иә, Шідертінің жағасында қазақилықтың түтіні түтеді. Аталмыш байқауға 9 ауылдық округтен 24 қатысушы «Құрақ көрпе тігу», «Киіз басу», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Бидай қуыру», «Диірмен тарту» сияқты сындар бойынша сайысты.
«Тойдың боларынан, боладысы қызық» дегендей, таңсәріде жиналған жұрт қазан ошақтың қамына кірісті. Ақ отау тігіліп, ошақтан түтін будақтай жөнелгенде Бұлан тарих қойнауында қайта тірілген қазақ ауылына ұқсап қалды. Бір жағынан байқау, бір жағынан тәлім. Киіз басқан әжелер мен бүгінде қазақ дастарханынан ұмытылып бара жатқан көне тағамдарды дайындаған апа-жеңгелер ауыл жастарына шеберлік сағат өткізді.
«Ас иесімен тәтті, табағымен жақсы» - деген. Бұлан ауылдық округінің әкімі Мұрат Әділгереев байқаудың ашылу салтанатымен құттықтап, сөз сөйледі.
Қолөнер мен дастархан байқауына «Демалыс орталығы» МКҚК жанындағы Халықтық «Ақ ниет» әжелер ансамблінің мүшесі Мариям Сәрсенғалиева, Бұлан мәдениет үйі жанындағы «Ару ана» әжелер алқасының жетекшісі Гүлнар Көлбаева, «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Батыс Қазақстан облысы филиалының Сырым аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК кәсіподақ ұйымының төрайымы Ақкүміс Мұрадымова қазылық етті.
Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе. Ол, біріншіден – өнер, екіншіден – тұрмыстық бұйым, үшіншіден – ертеректе мата-материал қат кезде қолданылған маталардың қиындылары рәсуа болмасын деген оймен оны да пайдаға жарату ойынан туған, яғни ысырапшылдыққа жол бермеудің керемет әдісі. Осы әдісті жаңғырта білген қатысушылар ақ отау ішінде көз майын тамызып, құрақ жинады.
Қорытындылай келе 3 орын Тасқұдық ауылы Ж.Әлиямен Жымпиты ауылы К.Айгүлдің, 2 орын Жымпиты ауылынан келген Қуанышқалиева Мөлдір, 1 орын Сарой ауылдық округі Б.Ғайсағалиева, бас жүлде Бұлан ауылы Камуллина Анардың қанжығасына байланды.
Ал білекті жеңгейлер ықтасын жерді таңдап, ши жайып, киіз басуға кірісті. Киіз – қойдың күзем жүнінен қалың, тығыз етіп басылған бұйым. Киізді қазақ тұрмысының символы десекте артық емес шығар. Өйткені, киізді төсеуге, киіз үйдің туырлығын, уығын, түндігін, есігін жабуға, мал шаруашылығына қажетті тоқым, көпшік, жабу жасауға, бас киім мен сырт киім, аяқ киім түрлерін тігуге жиі пайдаланған.
Тіпті сайланған ханды төрге шығарғанда, өлген адамның сүйегін көрге түсірген де – осы киіз. Ал сол киіз басу өнері кенжелеп қалғалы қашан?
Жаулықтағы жандар бәйге үшін жанықпады. Келген ниеті көне өнерді дәріптеу,жастарға үйрету ғой себебі. Шиге оранған қойдың жүнін пісіру, булау, білектеу, қарпу, тебу, шабақтау секілді түрлі тәсілдерінің үлгісін көрсетті. Десекте жарыстың аты жарыс. Бас жүлде Бұлдыртылық Мамбетиярова Фаридаға бұйырды.
«Қара сиырды қаратып, қызыл сиырды жалатып» бидай қуырып, диірмен тарту да – көркем көрініс. Қазаны оттан түспеген аналарымыз білек сыбанды. Нанның бидайдан жасалатынын, бидайдың далада өсетіні өскелең ұрпаққа мәлім болғанымен, жасалу жолы бәріне таныс деу қиынырақ. Бұл сайыстың байқауға енуі де осы себепті.
Бидайды қазанға салып қуырады, диірменмен тартады. Ал ата-әжелеріміз бұрын күнкөріс үшін пайдаланған қажетті құралды қазіргі жас буынның білмейтіні анық. Расында да тас диірменді қазір үйлерден емес, мұражайлардан ғана көріп, тамашалай аламыз. Ата-баба дәстүрімен сабақтасып жатқан қол диірмен қазақтың ілгеріден келе жатқан тұрмыстық құралы.
Алайда мына дамыған заман асыл мұрамызды қолданыстан ығыстырып шығарды. Бірақ ол өз құндылығын жоғалтпайды, қазақ бар жерде ұмытылмайды.
Әлгі, жұмбақтағы «қызыл сиыр» аспаздардың да маңдайын жалауды ұмытпады. Жылы жүзін оттың ыстық лебіне сүйдіріп, бидай қуырып, тасты тасқа үйкеп, диірмен айналдыру қарап тұрған адамға ғана оңай. Диірменнің технологиясына қарап тұрып, астың да қадірін түсінесің! Құрамына бір-екі тамшы маңдай терін қосқан қатысушылардың еңбегіне қазылар да атүсті қарамады. Бұл жолы бас жүлде аралтөбелік Ақжарқын Мамаеваға бұйырды.
Тарихтың тәтті иісі Шідертіні жағалап аңқыды. Өйткені, «қазақтың ұлттық тағамдары» бағытында осал ешкім жоқ. Көнеден қалған, әрқайсысының өз тарихы бар, берер тәлімі мол тарихи тағамдар дайындады аспаздар.
Халқымыздың тарихы қай-қай уақыттада оңай болған жоқ. Көші-қон, жар астындағы жаулармен қақтығыс, түрлі аурулар және аштық. Осындай күрделі сәттерде әлпештеп дайындалатын тағамдары дастарханнан түспеді. Бес минутта дайын болатын тағам мен бес мың жылға жарамды тағамды ойлап тапқан да біздің қазақ. Бірақ бүгінде сол тағамдардың бәрін бірдей дастарханнан көре бермейтініміз рас. Таңғы асқа балқаймақ былғап, түскі асқа жаужүрек бүктеп отырған адамды да кездестірмейміз. Бұл этнофестивальдың да мақсаты – дала дастарханын жаңғырту.
Саусағынан бал тамған аспаздар тек тағамның қоспасын ғана емес тарихына да назар аударғаны қазылар алқасын қуантты. Аспаздар бәйгесінің қорытындысымен ІІІ орынды кісенан пісірген аралтөбелік Алмагүл Мергенова және Тасқұдықтан келіп, «Быламық» былғап берген Лаура Мағазова иеленді. Ал ІІ орынды Қосабаның сәлемін арқалаған Хамидуллина Нұрғаным «Жаужүрегімен» жеңіп алды. І орын «Үрпешесіме» таңғалдырған жетікөлдік Лаура Өтегеноваға бұйырса, қазылардың шешімімен бас жүлде «Өрметөс» өрген бұландық Мамбетова Салтанатқа лайық деп танылды.
Өткен мен бүгінді жалғаған шара өз мұратына жеткендей. Болашақта, осындай этнофестивальдерді аудандық жазғы демалыс лагері орналасқан ауылда өткізсе деген ойда қалдық. Балаларға берері көп байқау екен.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы