Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов 1986 жылы Алматы қаласында 16-17 желтоқсанда болған саяси шиелініске қатысқан сырымдықтармен кездесті.
Саяси шиеленіс деп баға беруіміздің себебі сол, қазақ жастары Брежнев алаңына КСРО-ның отаршыл-әміршіл жүйесіне қарсы наразылық білдіру үшін жиналған болатын. Жанарлары жанған жастар қыстың қара суығы мен желін, милицияның шашқан суық суын, КСРО-ның күркіреген ызғарын елемей, намыстарын жалау қылып көтеріп, жүректерінің отына жылынып алаңда екі тәулік бойы тұрды. Қатігездік болды, құрбандық болды.
Ақыры «сексен алтыда» сөгілген сең қазақты бостандықтың жағалауына жеткізді.
– Сырым ауданы бойынша 10-нан астам адам Желтоқсан оқиғасына қатысқан. Мектеп бағдарламасында Азаттық жауынгерлері деп Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова,Ербол Сыпатаевтарды оқытады. Олар көп. Біз елдің ішіндегі желтоқсаншыларды да білуге тиіспіз. Желтоқсаншылар – қылмыскер емес. Жастықтарын тағдыр таразысының бір басына қойып, алаңға шыққан әр адам – батыр! - деді Жұмагелді Батырниязов.
Салтанатты қабылдауға Миржан Есмағұлов, Гүлсәуле Жалекенова, Роза Мұқатова, Раушан Алдиярова, Жамиға Ерекешова, Жанқия Исмағұлова және Алмагүл Қаженова секілді желтоқсаншылар келді. Олар – қолтықтасып шеп құрап тұрғандар, олар -сойыл жегендер, олар – «қара тізімге» алынғандар, олар – «Құйын-86» операциясының құрбандарының өмірлерін жалғастырып сүріп жүрген аға-апалар.
Дастархан басында оқиғаның куәгерлері естеліктерін айтты. Біз бұған дейін Алматыдағы оқиғаларға қатысқандарды танушы едік. Ал Өлеңті ауылындағы Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанқия Исмағұлованың саяси сипат алған наразылық шарасына үн қосу оқиғасы тосын.
Бойжеткен Ресейдің Тамбов қаласында, Тамбов педогогикалық институтында оқып жүргенде, Алматыдағы толқуларды қолдап, кеңестік күштің қазақ жастарын қуғындауға ашық қарсылық білдіріп, институттағы қазақ жастарының басын біріктіруге атсалысқан. Сол үшін «қара тізімге» алынған.
Бұлан ауылында тұратын Гүлсәуле Жалекенова желтоқсаншылардың Жаңа Қазақстанның қоғамдық-саяси ілгерілеуіне үлес қосып жүргенін айтты.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы