Биыл қосымша білім беру саласына 100 жыл. Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Ерғазиеваның айтуынша, аудан бойынша осы салада 56 педагог қызмет етеді.
Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандағы қосымша білім беру ұйымдарының үздік педагогтарымен кездесті. Кездесуде аудан әкімі аудандық балалар саз мектебі, балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы және жас туристер станциясының педагогтарымен қосымша білім беру саласындағы мәселелер жөнінде әңгімелесті.
Қазіргі таңда балалар саз мектебіне домбыра, фортепиано секілді аспаптар жетіспейді. Ал балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ғимаратына күрделі жөндеу керек. Осы мекеменің басшысы Айнұр Мұхамбетжанова, қосымша білім беру саласы балалардың ата – аналарымен әріптестікті сәтті орната алды деп есептейді. Сондықтан, орталықтың шәкірттерінің жетістігі мұғалімдер мен олардың ата – аналарына ортақ. Шығармашылық орталықтың ғимараты жөнделсе, осы әріптестікті нығайтуға, балаларды өнер мен ғылымға баулу жұмысын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туады.
Кейінгі жылдары Сырым ауданының оқушылары туризмнің спорттық бағдарлау түрінен өте жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Үйірменің жұмысын жандандыру үшін электронды чип сатып алу, жасанды жартас орнату сияқты мәселелер кезек күтіп тұр. Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев қосымша білім беру саласы мен педагогтарының мәртебесін көтеруге, мәселелері бойынша жұмыстануға және озық жұмыстарды насихаттау бағытында қолдау білдіруге дайын екендігін айтты.
Кездесуге қатысқан педагогтарға аудан әкімінің алғыс хаты табыс етілді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер