18 жасқа толған сырымдық Арнұр Есқайыр үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Ол Қазақстан азаматы ретінде алғаш рет сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады.

Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина академиясының 2-курс студенті Арнұр дауыс беру учаскесіне әжесі Тәттім Халықовамен және анасы Мирамен бірге келді.
Арнұрдың әкесі, марқұм Артур Халықов та спортта өзіндік із қалдырған азамат еді. Ол 2002 жылы 19 жасында жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанып, Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленген. Спортшының есімі туған жері – Сырым ауданында да ұлықталып келеді. Жымпиты ауылында оның құрметіне жасөспірімдер арасында дзюдо және қазақ күресінен дәстүрлі облыстық ашық турнирлер ұйымдастырылып тұрады.
— Бүгін алғаш рет дауыс бердім. Әке жолын жалғаған ұрпақ ретінде ел болашағына алаңдаулымын. Алғашқы сайлау менің азаматтық жауапкершілігімнің жаңа белесін ашты, —дейді Арнұр.
Арнұр Есқайырға сайлау учаскесінің комиссия мүшесі Дамира Ералиева естелік сыйлық табыс етті.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы