9.02.2018, 12:41
Оқылды: 42

Сырымдық бөбекке көмек қажет

 

Сырым ауданы Жырақұдық ауылында ауылдың кішкентай тұрғыны Райым Раянаның еміне қаржы жинау мақсатында «Жүрегіңнен жылу бер!» атты қайырымдылық шарасы өтті. «Қайырымды ел!» акциясының аясындағы бұл шараға Қособа ауылдық округінің әкімдігі мен жергілікті мекемелер, бастысы ауыл тұрғындары ерекше ықыласпен қатысты.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, таяу күндері 1 жасқа толатын Райым Раянаға дәрігерлер көз тамырының дамуының тежелуі деген диагноз қойған болатын. Көздің туа бітті дертінің кесірінен сәби әлі күнге жарық дүниені көре алмай отыр. Бірақ үміт бар. Осы айдың ортасында Раянаға Ресей Федерациясының Санкт Петербург қаласында күрделі ота жасалады. Медициналық қызметтің құны мен жолдың шығыны сәбидің анасына үлкен салмақ болайын деп тұрғаны айтпаса да белгілі. Ауылдағы қайырымдылық шарасы сол салмақты жеңілдету үшін ұйымдастырылып отыр.

Жырақұдықта өткен қайырымдылық шарасында ауылдағы көркемөнерпаздар мен өңірге белгілі өнер иелері өнер көрсетті. Кештің соңында округ әкімі Жұмабай Сатаев, мектеп директоры Есмағзом Сұпығалиев сөз сөйлеп, Раяның анасына жергілікті мекемелер мен демеушілерден және ауыл тұрғындарынан жиналған қаржылай көмекті тапсырды.

Оның үстіне, Раянаның еміне қаржы жинау мақсатында әлеуметтік желілер арқылы ұсыныс көтерген «Сырым жастары» бірлестігінің белсенділері мен мектепішілік «Жасұлан» ұйымының мүшелері де өздерінің көмегін қосты. Жастардың әлеуметтік желілердегі ұсынысына Жырақұдық пен Қособа ауылының жастары қомақты қыржылай көмекпен жауап берді.

Ауыл ауыл ғой, «Сырым жастары» ұйымының белсендісі Сәулет Амангелдінің айтуынша, ауыл түгілі Қытайдағы қандастар да игілікті іске қолдауларын ұсынып жатқан көрінеді. Осы сияқты Ақтөбе және Орал қалаларындағы мейірімді адамдар Раянаны қолдау мақсатында қайырымдылық концерттерін ұйымдастыруда екен.

Егер Сіздің де жомарттық танытам деген ниетіңіз болса, мархабат! Раяна алдағы апта жолға шығады.

zhaikpress.kz

Райым Раяна Бақдаулетқызы

Диагноз: ретинопатия

Шот номері: «ХалықБанк» 6762 0035 0018 7579

Толық ақпарат: 8 705 149 72 54 (WhatsApp)

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале