6.11.2024, 20:00
Оқылды: 172

Сырымдық Ерболат Мұқанов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды

25-27 қазан күндері Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында самбо күресінен шеберлер арасында кезекті әлем чемпионаты байрақ көтерді. Әлемнің 13 елінен келген 350-ден астам ардагер самбошы қатысқан дүбірлі додаға Қазақстан құрамасы сапында 90 спортшы барып, табысты өнер көрсетті. Сырымдық спортшы, «Қайсар» спорт клубының директоры Ерболат Мұқанов 64 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды. 

IMG-20241106-WA0067

Ерболат Мұқанов өзінің бозкілемде мықты екенін бозбала күнінен-ақ дәлелдеп үлгерді. Бірақ, уақыт жылжиды, буын алмасады. Ерболаттың жасындай жарқырап күресіп жүрген кезі мен кешегі халықаралық турнирдегі белдесуінің арасын тек спортқа деген махаббат жалған жатыр. Әйтпесе, жігіт ағасы жасына жеткен шақта қайтадан бапқа келу, бозкілемге шығу оңай емес.

Ерболат ағамыз үшін ең жауапты белдесуді тәжік балуанымен өткізді. Себебі, финалдық жолдама екеуінің біріне бұйырады. Ешкім жарысқа жай қатысу үшін келмейді, бәрінің де жан қалауы – жеңіс! Міне, кілем үстінде жауапкершілік, елдің үміті, дайындық, еңбек, тер осының бәрі сынға түспек. Белдесу басталды. Тәжік те, қазақ та аңдысын аңдып, бір бірінің осал тұсын іздеп жүр. Ақыры, межелі уақыт аяқталды. 7:3 есебімен жеңіске жетті біздің балуан.

Қолыңа іліккен жерден сүйрей кетуге әркім – ақ үйір. Ерболат болса еңбектеніп күресті. Оның аяқтан шалу, аяқтан қуу әдістері тамаша нәтижелер берді.

– Финалдық кездесуде қазақ балуанына, Алматы қаласының спортшысына жол бердім. Мен осы сайысқа 10 келі салмақ қуып, бір ай жарым уақыт дайындықпен қатыстым. Ол өте аз уақыт. Чемпионат өте жоғары дәрежеде өтті. Бір жағынан күрестім, өзімді сынға салдым. Екінші жағынан спорттағы үзеңгілес достарым, балуандарыммен жолықтым. Осы чемпионатқа баруыма және спортқа оралуыма үлкен жігер берген, үлгі болған – Қазболат Құрмашев. Ағайымыз өзіміздің Аралтөбе ауылында дүниеге келген. Ол кеше Тәжікстан елінде өткен турнирде сегізінші рет әлем чемпионы атанды. Қазболаттың арқасында қазақ туы сегізінші рет көкте самғады. Біздің мойынымызға күміс медаль бұйырды. Елге әкелген жүлдемді қособалық жерлес спортшы Оралбек Қожагелдиннің 60 жылдық мерей тойына арнаймын», - дейді Душанбеден келген, дүбірдің ортасынан жаңа ғана елге келген самбошы.

Ерболат бала кезінен спорттық шындарда көрінген жігіт. Республика чемпионы, халықаралық дәрежеде бірнеше мәрте жүлдегер болып, спорт шебері атанды. Өмірінің өрнегі, отбасылық жағдайы оны ауылға әкелді. Ол алғашқы еңбек жолын Сырым ауданы Жырақұдық орта мектебінде 9 жыл дене шынықтыру пәні мұғалімі болып бастады. Содан соң Сырым аудандық балалармен жасөспірімдер спорт мектебінде 9 жыл қызмет атқарды. Қазіргі таңда аудандық «Қайсар» спорт клубының директоры.

Отбасылы, «Баласы ат шапса, анасы үйде отырып тақым қысады» дегендей Ерболат қайда жүрсе де амандығын тілеп отыратын анасы Зәру ханым – жоғарғы санаттағы ұстаз.

Өмірлік жары Қалампыр да білім беру саласында. Ерболат ағамыздың үлкен ұлы Әскер әке биігін бағындыруға серт еткен. Ол бүгінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің 2 курс студенті, Орал қаласындағы «Бәйтерек» футбол клубының қақпашысы. Кіші ұлы Мансұр өнер жолын таңдаған. Пианино, гитарада ойнайды.

Қоңдыкер Елеуов

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале