Сырым аудандық білім беру бөлімінің мәжіліс залында 2023-2024 оқу жылында жетістікке жеткен педагогтар мен оқушыларды марапаттауға арналған салтанатты рәсім өтті.
Аталмыш шараға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, Республикалық пән олимпиадасы және ғылыми жоба жеңімпаздары мен «Алтын белгі» иегерлері, мектеп басшылары қатысты.
Айта кету керек, биылғы оқу жылында аудан бойынша 11-сыныпты 183 оқушы бітірсе, оның арасында 8 «Алтын белгі» иегерлері бар.
Шараға қатысқан аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов мектеп түлектері мен ұстаздарды құттықтап сөз сөйледі:
— Құрметті оқушылар мен ұстаздар, бүгінгі шараға қош келдіңіздер! Сіздердің елге қосқан үлестеріңіз білім алу болса, сіздер бұл тұрғыда үздік атандыңыздар.
Яғни, «Алтын белгі», ғылыми жоба, пән олимпиадасынан үлгілі де үздік жұмыс көрсете білдіңіздер. Мектеппен қоштасып, жаңа өмірге қадам басқалы тұрған сіздерге ақ жол тілеймін,-деді аудан әкімі.
Жұмагелді Жолдыбайұлы үздік білім көрсеткішіне ие болған бір топ оқушыларға «Алтын белгі» төсбелгісін салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ, аудан басшысы салтанатты рәсімде білім беру мен шәкірттерді тәрбиелеудегі жетістігі үшін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебінің ұстазы Гүлдана Нұғыманованың өңіріне «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін қадады.
Рәсімде сондай-ақ, ғылыми жоба пәндік олимпиаданың, түрлі байқаулардың үздік ұстаздары мен оқушылары аудан әкімі тарапынан алғыс хат, сертификаттарға ие болды.
Салтанатты жиында ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева, ұстаз Гүлдана Нұғыманова, мектеп түлегі Гүлсезім Нұрымқызы, ұстаз Жандос Меңдешұлы, Бұлдырты орта мектебінің директоры Алмагүл Төлеуова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев құттықтау сөз сөйлеп, мектеп түлектері мен ұстаздарға сәттіліктер тіледі.
Бауыржан Ширмединұлы,
Суреттерді түсірген Айман Өтеғалиева