18.06.2025, 15:00
Оқылды: 346

Сырымдық ұстазға құрмет көрсетілді  

Сырым аудандық әкімдігі өкілдері мен  аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев Орал қаласында тұратын жерлестеріміздің шаңырақтарында болып, елде болып жатырған өркенді істер жаңалықтар жөнінде айтып, аудан басшылығының сәлемдемесін жеткізді.

PHOTO-2025-06-15-14-05-36

Алғашқы сәлемдесудің жөні ұлағатты ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, төсбелгісімен марапатталған Аягөз Нұрғожинаның шаңырағына түсті. Аягөз Айтжанқызы Тайпақ өңірінің тумасы, жоғары білімді, ағылшын тілі пәнін жетік меңгерген білікті ұстаз. Алғашқы қызметтік жолын арнайы жолдамамен Тайпақтың Базартөбе ауылынан бастаған Аягөз Айтжанқызының бертін жылдардағы қызметінің басым бөлігі Сырым ауданында өтті. Осы ауданның азаматы Толқынмен шаңырақ құрды, ұрпақ тәрбиелеп өсірді, қызығына бөленді. Ол 2012 жылы зейнеткерлікке шықты, бүгінде Орал қаласында тұрады.

Білім беру саласындағы жемісті қызметтеріне орай Аягөз Айтжанқызы аудан, облыс, ҚР білім беру министрлігі тарапынан бірнеше алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласқан оның бұл бағыттағы қызметі де ескерусіз қалмай, лайықты бағасын алды. Қос бірдей мемлекттік қызметкер Арман мен Арсен Баяндықовтарды тәрбиелеп өсірген абзал ана Аягөз Айтжанқызы осындай жан.

Ұстаз ана Аягөз Нұрғожинаға сәлем бере барған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев аудандық әкімдік тарапынан арнайы сыйлықты тапсырып, өңіріне Сырым ауданының, Құрметті ардагері, төсбелгісін қадады. Абзал ана өзіне көрсетілген құрмет үшін, күтпеген осындай тосын сый үшін аналық ақ алғысын айтты.

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале