28.10.2024, 17:15
Оқылды: 92

Сырымдық «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері Оралдағы отбасылық үлгідегі балалар ауылына барды

Сырым ауданы Алғабас ауылындағы М.Қаналиев атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніндегі мектепішілік «Жас Ұлан» ұйымының мүшелері кешегі демалысын Орал қаласындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы замандастарымен бірге өткізді.

PHOTO-2024-10-26-15-32-10

Балалар ауылындағы балаларда бәрі бар. Жылы төсек, дәмді тағам да бар. Думанды дос та, жанашыр жақсылар да жандарында. Бірақ, олардың көңілі бәрібір сынық. Олар әлі күнге терезеге телміреді, есік жаққа қарайды. «Құлыным!» - деп жүзі жылы бір адам кіріп келетіндей…

– Сендер елдің баласысыңдар! - дедім. Басқа сөз таба алмадым! - деді шараны ұйымдастырушы, мектеп тәлімгері Нұрболат Жұмағазиев.

Алғабастық тәлімгер балалар ауылымен әуелден тығыз байланыста. Нұрболат аудандық мәслихат депутаты ретінде өзі мақсаттас жандарды жақсылық жолында біріктіріп үлгерген. 

Сөйтіп, 20 бала мен 3 ана-тәрбиеші тұтас күн бойы сырымдықтардың құрметті қонағы болды. 

Алдымен бәрі киноға барды. Кинотеатрға билеттерді Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов сатып алып беріпті. 

Тамаша фильмнен кейін балаларға дәмді дастархан жайылды. Оған аттарын атамауды сұраған демеушілер жәрдемдесіпті. 

Ал жымпитылық Орынбике Гумарова 12 балаға жылы күрте сыйлады. 

Бауыржан Ширмединұлы

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале