Сырым ауданында өткен «Таза жағалау» экологиялық акциясына ауқымды үлесті жымпитылықтар қосты. Ауыл тұрғындары, мекемелердің ерікті қызметкерлері және жастар Жымпиты ауылының іргесіндегі Өлеңті өзенінің жағалауын, автокөпірдің маңын қоқыстан тазартты.
Осындай игі істі алғабастықтар, шолақаңқатылықтар Аңқаты өзенінің жағалауында жалғастырды.
Аудандағы ірі өзен Шідертінің жағалауын Бұлан мен Аралтөбе ауылының тұрғындары тазаласа, жетікөлдіктер мен бұлдыртылықтар Бұлдырты өзенінің жағасын тұрмыстық қалдықтардан арылтты.
Сырым аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Айболат Нұрмұхановтың айтуынша, акцияға аудан бойынша 1500 адам қатысып, жағалаулардан 19 тонна қоқыс алынған.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ
Сырым ауданы
zhaikpress.kz