Бүгін сырымдықтар 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Жымпитыдағы соғыста қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Құрмет шеруін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов пен аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, белгілі журналист Мүсірбек Айташев бастады.
Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының құрамында қазақ жауынгерлері ерліктің ерен үлгілерін көрсеткен еді. Қазақтың әр үйінде Жеңіс жауынгері бар.
Жеңіс күні – ерліктің, қажырлы қайраттың және өмірге деген махаббаттың символы.
ҚР Конституциясында адам өмірі, бостандық және бейбітшілік басты құндылық ретінде көрсетілген.
Айта кетейік, бүгінгі күні Қазақстанда 57 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Оның алтауы Батыс Қазақстан өңірінде ғұмыр кешуде.
Бұдан бөлек, елімізде ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі ҰОС Жеңісіне үлес қосқан өзге азаматтардың жалпы саны 32 852 адам деп ақпарат таратты.
Жарын майданға аттандырған аналар, әкесінің етігін киіп, тылда еңбек еткен балалар – жеңіс тарихының бір бөлігі.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы