Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Арман Өтеғұлов, Ләззат Рысбекова және ҚР Мәжілісінің депутаты, белгілі адвокат Абзал Құспан келді.
Олар Өлеңті ауылында болып, Сырым ауданындағы тасқыннан зардап шеккендерге арнап салынып жатқан үйлердің құрылысын көрді. Нысанды Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов таныстырды.
Әкімнің орынбасары Қайрат Төлеповтың айтуынша, атқарылған жұмыстар көлемі 90%-ға таяды. Кешегі аптада Қарасу мөлтекауданында 14 үйдің кілті иелеріне салтанатты түрде тапсырылды.
Өлеңті ауылындағы жаңа орыннан ірге көтеріп жатқан үйлердің де ішіне жан толатын күн жақын. Қазір ішкі әрлеу-әктеу, газ бен су тарту, дуалын тұрғызу сияқты жұмыстар жүріп жатыр.
Бұдан бөлек Бұлдырты, Өлеңті және Жымпитыда жекелеген көшелерден де «қызыл үйлер» бой көтеруде.
Парламент өкілдері құрылыс жұмыстарының сапасы мен қарқынына оң баға берді.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы