31.03.2024, 17:46
Оқылды: 16

Сырымға Мәжіліс депутаттары келді 

Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нартай Аралбайұлы мен Сергей Пономорев келді. 

PHOTO-2024-03-31-17-09-12 (1)

Олар 27-28 наурыз күндері Жымпиты мен Өлеңті ауылдарындағы болған су тасқынынан кейінгі жағдаймен танысты.

Қазіргі таңда Өлеңті өзені өзінің қалыпты арнасына түсті. Эвакуацияланған тұрғындар үйлеріне қайта бастады. Алайда, бір түн белуардан суда тұрғын үйлерді ендігі жерде жылы үй, жайлы пана болады деу қиын. Біріншіден, саман тастан салынған көп үйдің іргесін су сөккен. Құлағандары да бар. Екіншіден, су білінген үйлердің өзінен дымқыл леп мен сыз иісі кетер емес.

Су Сырым 2024

Мәжіліс депутаттары эвакуциялық пунктің бірі – “Жібек жолы” кешенінде болып, уақытша тұрып жатқан жанұялармен жүздесті. Мәселен, өлеңтілік Манарбек пен Динаның баспанасы топаннан кейін тұруға жарамсыз жағдайға жеткен. Үш баласымен қонақүйді паналауға мәжбүр. - Үйімізді қалай қалпына келтіреміз!? - деп шырылдайды.

Нартай Аралбайұлы елдің әр өңірінде болып жатқан тасқынмен күрес шараларын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауда ұстап отырғанын, себептер анықталып, салдар қалпына келтірілетінін айтты. - Үкімет сіздердің шығындарыңызды толық өтеп беруге міндетті. Ол үшін жергілікті жердегі комиссия мүлтіксіз қызмет атқаруы тиіс, - деді депутат.

Айта кетейік, облыстық мәслихат депутаты Ғанимат Нұрмұханов жеке кәсіпкерлік нысанын панасыз тұрғындар иелігіне беріп, ел басына күн туғанда үлкен азаматтыққа барып отыр.

“Жібек жолынан” шығып келе жатқан мәжілісмендерді тұрғындар күтіп алып, жанайқайларын жеткізді. Елдің қолқалауымен депутаттар сапарларының кестесін өзгертіп, Сергей Пономорев Әбілқайыр хан көшесіндегі, ал Нартай Аралбайұлы Өлеңті өзенінің жағасындағы үйлерге кіріп, жағдайларымен жеке танысты.

Табиғи апат Әбілқайыр хан көшесіне жаудай тиген екен. Мәселен, осы көшедегі #4 үйден нөпір су кіріп келген уақта атасы мен әжесі бес айлық немерелерін жанкештілікпен алып шыққан.

Депутаттар Ж.Досмұхамедов атындағы мектептің базасындағы эвакуцияланған тұрғындармен жүздесіп, “Сырым жастары” жастар орталығына да соқты.

Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен сырымдықтарға жолданған түрлі әлеуметтік көмектер осы жастар орталығына жинақталуда. Оларды сұрыптап, таратумен волонтерлар айналысып жатыр. Дәл бүгін ержүрек еріктілер ағыны қайтпаған өзеннің екі бетіне арқан керіп, арғы беттегі ағайынға азық - түлікті үрлемелі қайықпен жеткізіп берді.

Сіздердің істеріңіз еңбек емес, ерлік! - деді тележурналист Нартай Аралбайұлы.

Су Сырым 2024

Кездесулер арасында мәжіліс депутатынан ахуалға байланысты ой-сарабын сұрадық.

Ел бойынша тасқынның алдын алу үшін 7.2 млрд теңге қаражат бөлінген. Қарлар аршылып, арықтар мен каналдар тазартылып, су жолдары жасалуы тиіс еді. Тиісті жұмыстар атқарылса, тасқын неге орын алды?! Атқарылмаса, 7,2 млрд теңге қайда кетті?! Бюджеттің мақсатты жұмсалып, жұмсалмағанын анықтауды сұрап, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке хат жолдадым. Мәселенің түбіне жетеміз, - деді мәжіліс депутаты.

Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева Парламенттегі әріптестеріне суға кеткен үйлердің ішінде кепілдікте тұрған, мемлекеттік бағдарламамен сатып алынғандары барын айтып, олардың шығынын өтеудің тетіктері туралы ақылдасты.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале