Сабырғали Оразовтың есімі – Сырым өңіріне етене таныс. Бұлдыртыда дүниеге келіп, 1956-1966 жылдары осы өлкеде орта мектепті бітірді.
Алғашқы еңбек жолын Жосалы кеңшарында әр салада жұмысшы болып бастаған Батырғалидың Сабырғалиы 1967 жылы Бөрлі ауылшаруашылық техникумының техник-механик бөліміне оқуға қабылданды.
Аталмыш техникумда оқып жүрген ол 1968-1970 жылдары Кеңес армиясы қатарындағы азаматтық борышын Германия елінде абыройлы атқарып, оқуын одан әрмен жалғастырды.
Әке-шеше тәрбиесінен нәр алған, қатарынан қалмай оза еңбек етіп жүрген жас жігіттің кеудесінде бір арман бұғып жатушы еді. Ол – жоғары білім алып, ауыл шаруашылығы саласының маманы ретінде еңбек ету. Ақыры, алдыңғы толқын ағаларының ұйғарымдарымен ауданның сол кездегі ХХІІ партсьезд атындағы кеңшарда шеберхана меңгерушісі қызметін атқарған Сабырғали Оразов 1972-1980 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылық институтына сыртай оқуға түсіп, экономист ұйымдастырушы мамандығын иеленді.
Әрине, ол жылдары жергілікті өңірде ауыл шаруашылығы мамандары тапшылық ететін. Сондықтан Сабырғали Батырғалиұлының жұмысқа деген ынтасын, адамдармен тез тіл тапқыштығын байқаған басшылықтағы лауазым иелері оған үнемі жауапты жұмыстарды тапсыратын.
Ол 1980 жылы ауданда ұйымдастырылған ауылшаруашылығын механикаландыру мекемесінің ХХІІ партсьезд атындағы кеңшардың бөлімше меңгерушісі қызметіне тағайындалып, төрт жылдай жастық жігерімен еңбек етті.
Сөйтіп, С.Оразовқа аудан басшылығының ұйғарымымен Жосалы кеңшарында бас экономист, кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметін атқару бұйырды.
Сабырғали Батырғалиұлының сонау алыста қалған жастық кезеңдегі жоталы оқиғаларының бірі Жосалының тумасы, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиевтің туғанына 50 жыл толуына орай 1965 жылдың жазындағы өткізілген еске алу шарасы әлі күнге көз алдында.
Ол жылы батырдың туған інілері Ғайнолла, Шайдолла ауылда болатын. Алматыдан келген бір топ ақын-жазушылар қатарында болған Қалижан Бекқожин, Хамит Ерғалиев, Серік Қирабаевтің айтқан шешендік, даналық сөздерін, әңгімелерін үлкен-кіші болып, ұядай клубтың ішінде тығылыса отырып тыңдағаны ешқашан ұмытылмайды.
Сондай-ақ 1980-1990 жылдары әдебиет әлеміне танымал тұлғалар Берқайыр Аманшин, Сағынғали Сейітов, Мұқадес Есламғалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Айтқали Нәріков, өнер қырандары Ескендір Хасанғалиев, Сара Тыныштықұлова елге келіп, тұрғындармен кездесуі естен кетпес сәт болып қалды.
1987 жылы Жосалы кеңшарында директор болған Жеңіс Қажиақпаровтың азаматтығын, мәдениет саласына оңды көзқарасын Сабырғали аға ешқашан ұмытпайды.
Әттең, жақсы азамат өмірден ерте кетті. Ол – кеңшарда директор болған жылдары еңбек адамдарына үнемі көңіл бөліп, хал-жағдайларын сұрап тұратын.
Тіпті Жеңіс Қажиақпаров өзі бас болып, өнерге жақын ауыл жастарының басын қосып, 1990 жылы «Наз-Қоңыр» атты ансамблді құруға ұйтқы болғандығын, ақыры бұл ансамблдің Алматы қаласында болып, «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасына қатысқандығын Сабырғали аға әсерлі баяндайды.
Жоғары басшылық Сабырғали Оразовты ең күрделі, жауапкершілігі мол қызметтерге жұмсап отырды. Мәсселен, ол зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі қызметін он бір жыл бойы мінсіз атқарды.
Осы жылдар аралығында округтегі «Көктөбе» ЖШС-і төрағасы Кейпін Төлегеновпен бірлесе қызметтес болып, ауылды көгілдір отынға қосу, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында әр отбасыға ауыз су жүргізу, Қазақстан ауылындағы қордаланған жұмыстарды бір жүйеге келтіру, электр желісін жөндеу жұмыстары қарқынды қолға алынғандығы абыройлы жұмыстардың бірі екендігін Сабырғали аға мақтан тұта әңгімелейді.
Тіпті округте әкім болған жылдары егістік бітік шығып, мол өнім алуға қол жеткізілді. Нәтижесінде «Көктөбе» ЖШС-і төрағасы Кейпін Төлегенов халықтың қолдауына ие болып, облыстық мәслихаттың депутаты болды.
Осы жылдары ауылда балабақша, сауда орны, мейрамхана ашылып, «Талдыбұлақ–Орал» аралық жолаушылар автобусы арзан бағамен тұрақты жүргізілді. Науқанды кезеңде жоғары көрсеткішке ие болған еңбек адамдарына жеңіл көлікті сыйға тарту етуде естен кетпес оқиға болып қалыпты.
Сабырғали Батырғалиұлы бүгінде – зейнеткер. Өмірлік серігі Сара Сегізекқызы мамандығына сәйкес аудандық санэпедстанцияда жемісті қызмет атқарып, 2008 жылы зейнеткерлік демалысқа шықты.
Сабырғали мен Сара Оразовтар әулетіндегі ұлдары Махамбет Орал қаласы «Жайық жарығы» ЖШС-де бөлім басшысы, келіндері Іңкәр облыстық музейде бөлім меңгерушісі болса, Талғат Жымпиты ауылы «Батысэнергоресурсы» ЖШС-і аудандық филиалының басшысы, келіндері Нұрлы аудандық Әділет бөлімінің меңгерушісі, ұлдары Бейімбет облыстық ішкі істер департаментінде, полиция подпалковнигі, келіндері Гүлмира қаладағы №42 мектепте ұстаз.
Ал Сабырғали аға мен Сара апа үшін биыл – қос мерейтой. Яғни, олар мерейлі 75 жасқа толып отырса, бір шаңырақ астында түтін түтеткендеріне – 50 жыл. Бүгінде Сабырғали мен Сара Оразовтар ұлдарынан тараған немере қызығына бөленіп, әдемі ғұмыр кешіп жатыр.
Сабырғали аға зейнетке шықса да қол қусырып қарап отырған жоқ. Ол облыстағы ардагерлер кеңесінің мүшесі, қоғамдық жұмыстардың ортасында жүретін азамат. Облыс орталығында құрылған Германиядағы Кеңес әскері тобы мен Варшава шарты бойынша ардагерлердің республикалық қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі.
Мемқызметтің майталманы Оразов ұзақ жылғы қызметіне орай мерекелік медальдар, алғысхат, тағы басқалай марапаттарға ие болған ардақты жан.
Мүсірбек Айташев
Сырым ауданы