Дана халқымызда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген өте керемет қанатты сөз бар. Мақаламызда тілге тиек еткелі отырған жанның да жақсы ісі көпке үлгі боларлықтай. Ол еліміздегі және халықаралық спорт жарыстарының жүлдегері, спортшы, Казталов аудандық «Балалар, жасөспірімдер туризм және экология орталығының» қызметкері – Баубек Меңдіғалиұлы Ілясов.
Жүгіру спортымен 4 жылдан бері айналысып келе жатқан Баубек қазірдің өзінде көптеген жетістікке жетіп үлгерген. Атап айтсақ, Ресей және Қырғызстан мемлекеттерінде өткен сайыстарда ел намысын қолдан бермей жүлделі орындардан көрінсе, Қазақстан қалаларының көпшілігінде жүгіру марафонынан бас жүлделерді қанжығасына байлаған.
Қазіргі таңда шәкірт тәрбиелеп, жас буынды салауатты өмір салтына баулып келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласында өтетін жарысқа 3 оқушыны алып барып қатыстырсам деген ниеті бар. Сондықтан Баубек шәкірттерімен бірге әрдайым ауыл сыртына шығып, ұзақ қашықтыққа жүгіріп жаттығуды қолға алған. Сондай бір жаттығу кезінде спортшы өзен жағасының күл-қоқысқа толы екенін байқап қатты қынжылған. Туған ауыл табиғатының бұлай ластануына бейжай қарай алмағандықтан шәкірттерімен бірге жан-жаққа ұшып, шашылып жатырған күл-қоқысты дереу жинап, айналаны тазалап азаматтығын тағы бір танытты. Кейіпкерімізге «Қоқыстарды жинау идеясы қайдан келді?» деп сауал тастаған едік, ол «Осы жақында өзенге суға түсуге барған едік, сол кезде өзен жағасының қатты ластанғанын байқадым. Айналаны тазалап, экологияға үлес қосқымыз келді. Содан соң таң атысымен сол маңға 6 шақырымдай жүгіріп барып, жаттығудан соң шәкірттеріммен бірге тазалық жұмыстарын жүргіздік» деп жауап бердік. Сұхбат барысында Баубек «Кішкентай балаларды жүгіруге жаттықтырудағы мақсатым өз ауылымнан Қазақстан чемпионын, Азия чемпионын шығару, Олимпиадаға апару және бұл менің қолымнан келеріне сенімдімін.» деп өзінің асқақ арманы мен биік мақсаттарын да айтып қалды.
Жас буын балаларды тек мықтылық пен табандылыққа тәрбиелеп қана қоймай, табиғатты аялауға баулудағы игі ісімен шәкірттерінің алдында шын патриотизм үлгісі бола білген Баубектің бағындырар биігінің мол боларына бізде сенеміз.
Жансая Жұмажанқызы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz