20.04.2021, 9:47
Оқылды: 24

Тағы да Қажым хақында!

Сырым топырағынан түлеген қыран, 1940 жылдары «Лениншіл жас» газетін басқарған редактор, журналист, қан майданға кіріп, Великие Луки түбінде ерлікпен қаза тапқан қазақтың ұлы Қажым Көшеков жайлы жазбасқа болмай тұр. Себебі тарихтың Қажымның қаһармандығы жазылған парағын шаң баса бастапты. Өткен жолы ескі газеттер мен естеліктерді бір жаңғыртқан едік. Анда-санда Қажым жайлы бір дерек шығар деп ғаламтордың да «қойын-қонышын» ақтарып қоямыз. Міне, асыл ер жайлы деректер «Алаш айнасы», «Ана тілі» газеттерінде жүр екен.

 32005F83-DACF-44B1-8996-4214B3CB9EF7

«Қажым Кеңес Одағы  батыры атағына лайық еді»

 Интернет кеңістігін ақтарып отырып, Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысының ардагері Әзілхан Нұршайықовтың «Алаш айнасы» газетіне берген сұхбатын көзіміз шалды. Сұхбат алушының аты-жөні жазылмапты. Тек alashainasy.kz деп басылымға сілтеме берген.

 – Әз аға, алдымен келіп жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сіздердің денсаулықтарыңызға қуат берсін, қан майданда от кешкен жанқиярлық ерлік шежірелеріңіз Тәуелсіз ұрпаққа рух берсін! Үш-төрт ұрпақ ауысса да, соғыс жаңғырығы жадымыздан өшпейді. «Аңыз бен ақиқатты» оқып өскен ұрпақпыз. Сол сұрапыл соғыс жылдарына шегініс жасасақ. Соғыс туралы аз жазылған жоқ. Дегенмен Ұлы Отан соғысының қалтарыста қалған тұстарына үңілгіміз, соғыстың айтылмай жүрген шындығын естігіміз келеді. Қан майданда жауға атойлап шапқан қазақ жауынгерлерінің ішінде кімнің ерліктері ескерусіз қалды деп айтар едіңіз? – деп сұрақ қояды журналист.

 – 1941 жылдың аяқ жағында Алматы қаласында 18-19 жастағы қазақ жастарынан 100-ұлттық атқыштар бригадасы құрылып, біз алғаш рет Калинин майданында фашистермен соғыстық. Фашистік немістермен сол кескілескен шайқастарда Молодой Туд кентін, Великие Луки, Невель қалаларын азат етуге қатыстық. Бригадада барлығы 5000 адам едік, соғыстан барлығы 500-ақ адам елге оралды, оның көпшілігі жаралы еді. Біздің бригадамыз 1941 жылдың аяғында тағы бір бригадамен қосылып, 1-атқыштар дивизиясы болып құрылды. Сол дивизияның құрамында жүріп, біз, алдымен, Брест, Варшава, Торн, Данциг қалаларын жаудан босатып, Германияның Висмар қаласында соғысты аяқтадық. Соғыста қазақ жауынгерлері керемет ерлік көрсетті. Сол ерліктердің бір мысалын айтайын. Молодой Туд кентін азат ету ұрысында артиллерист Қажым Көшеков деген ағамыз ерлікпен қаза тапты, – деп бір күрсінеді Нұршайықов. Кейін Қажым туралы кеңірек баяндайды.

- Ол кісі бұрынғы «Лениншіл жас» газетінің редакторы еді. Сол ұрыста жараланып жатып, жанындағы майдандастарына: «Жігіттер, қорықпаңдар, соғысыңдар, шегінбеңдер, алға!», – деп жатып, жан тапсырыпты. Мен артиллериспін, 76 миллиметрлік зеңбіректің командирі болдым. Біздің артиллерия алдыңғы шептен 2-3 шақырым артта тұрамыз да, алдыңғы шептегі батарея командирлері және барлаушылардан телефонмен жеткен команда бойынша жауды атқылаймыз. Кешке қарай алдыңғы шептен «Қажым ағамыз қайтыс болды» деген қаралы хабар келді. Қажым ағамызды өте жақсы көруші едік.

Ержүрек Қажым зеңбірек взводының командирі болатын. Великие Лукидегі жойқын ұрыста сол Қажымның бірінші расчетындағы зеңбірек командирі, аға сержант Рымбек Байсейітов бастаған взвод жаудың сегіз танкін жойды. (Ол кісі соғыстан кейін республикамыздың қаржы министрі болған). Қоршауда қалған немістер Великие Лукиді қайтарып алуға бар танкісін төкті ғой, жаудың танкілерінің бетін қайтаруға барлық күш-қуат жұмылдырылды. Алғы шептегі Рымбек Байсейітов Көшековтің шәкірті, бірінші орудияның командирі взвод командирінің орынбасары болып есептеледі, сол Көшековтің взводы фашистердің сегіз танкісін жойды. Оның үшеуін жойған Мырзаби Елтайұлы Ерназаров деген жігіт болатын. Арамыздағы сондай тамаша азамат бұрын Қазақстан үкіметін басқарған Елтай Ерназаровтың ұлы еді. Оның наводчигі Айбатов Қалел деген жігіт еді. Рымбек Байсейітов расчетындағы наводчик Әбдірахман Бимурзин мен оның көмекшісі Мұқан Омарбаевтың бірінші зеңбірегі жаудың бес танкісін жойды. Ұлы Отан соғысында бір взводтың сегіз танкіні құртуы үлкен ерлік болатын. Бірақ осы ерлерге Кеңес  Одағының Батыры атағы берілмеді. Олардан аз танк жойған адамдарға Кеңес Одағы Батыры атағы беріліп жатты. Кейінірек «Кеңес Одағының Батырлары» деген кітап шықты ғой, соны алып қарасақ, бір-екі танк жойып, КСРО Батыры атағын алғандар бар екен. Небәрі Мырзаби Ерназаров пен Әбдірахман Бимурзинге «Отан соғысы» орденінің бірінші дәрежесін ғана берді. Рымбек Байсейітовке  екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденін берді ғой деймін. Шын мәнінде, олар Батыр атағын алуға әбден лайық азаматтар еді, ала алмады.

Одан басқа біздің бригадада ерекше ерлік көрсеткендердің бірі Ыбырайым Сүлейменов деген снайперіміз болды. Ыбырайым Сүлейменов винтовкамен ең алғаш 239 немістің көзін жойды. Жалғыз винтовкамен соншама фашистің көзін жою деген үлкен ерлік еді. Оған да КСРО Батыры атағы берілмеді. Одан кейін ол ең ақырғы Невель түбіндегі соғыста тағы да 70 фашистің көзін жойып, барлығы 300-дей жауды жайратып, ерлікпен қаза тапты. Мінеки, осындай есіл ерлерге сол күйі атақ берілмей қалды. Қазір Жеңістің 65 жылдығына байланысты біраз жұмыстар атқарылып, Жамбыл облысының азаматтары өз жерінен шыққан Батырдың осы мәселесін көтеріп жатыр. Тек әйтеуір Мәншүк қана Батыр атағын алды, – деп сөйлейді 11 жыл бұрынғы сұхбат.

 Корреспондент Әз-ағаңнан Мәншүк туралы толығырақ сұрайды:

Қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бір құрамада соғыстыңыз. Хас батыр қыз Мәншүк Мәметова қандай адам еді?

– Біздің бригадада болған Мәншүк орта бойлы, тығыршықтай бітімді, қағылез қыз болатын. Мәншүкпен бірнеше рет кездестім. Бірде 1943 жылы 5 мамыр баспасөз күніне орай бригаданың штабында болған жиналысқа шақырылдық. Осы жиналыста Мәншүкті екінші рет көрдім. Сол жиналыстан он шақты адам топтанып қайтып келе жатыр едік. Ғажайып бір көгал жерге келгенде Мәншүк: «Әй, жігіттер, тоқтаңдаршы, мына көгалдың үстіне жайғасып отырып, қазақтың керемет бір әнін шырқайықшы. Қазақтың әні мынау орыс ормандарының ішін жаңғыртып, оның жапырақтарын дірілдетсін. Біздің үніміз осы орыс орманында қалсын», – деді.

C8461B94-3197-498A-BFBA-3027016DA7BE

 Бәріміз малдас құрып отыра қалдық. Мәншүк арқасындағы автоматын қолына алып, домбыраға ұқсатып шертіп: «Ұшады қараторғай қанат қағып, Астына қанатының маржан тағып...», – деп «Қараторғай» әнін шырқады. Бәріміздің көзіміздің алдына өзіміздің ауылымыз, ауылымыздың үстінде қаз-қатар ұшып жүретін қараторғайлар елестеді. Кемпір-шал, әйел, бала-шаға «менің ұлым қайда екен», «менің әкем қайда екен», «менің жарым қайда екен» деп тұрғандай әсер қалдырды. Содан кезекпен әндер айтылды. Бір қаруын – винтовка, екінші қаруын домбыра етіп, жанынан тастамайтын, бригаданың көркемөнерпаздар үйірмесін басқарған Смағұл Көшекбаев деген жақсы азаматымыз бар еді. Ол да қазақ күйлерін төкті-ай келіп...

Осылай бір жасап қалғаннан кейін Мәншүк тұрып: «Сен қай жылғысың?» – деп әрқайсымыздан сұрады. «Жиырма екінші жылғымыз», – деп жамырай жауап бердік. Бәріміз де жиырма екінші жылғы құрдастар екенбіз. Сонда Мәншүк: «Ой, жан құрбыларым-ай, бәріміз де құрдас екенбіз ғой, соғыста жауды жеңіп, аман-есен елге қайтсақ-ау, Алатауды көрсек-ау, Алматыға барсақ-ау! Егер Алматыдан үй тимесе, Алатаудың етегінде лашықта тұрсам да, өзімді бақытты сезінер едім», – деп тебіренді.

«Жан құрбым» деген қазақта сирек айтылатын ең тәтті сөз, қызға, жақын досына ғана айтылатын жылы сөз. Ол сөз соғыс кезінде ешкімнің аузына түсе бермейді. Соғыс кезінде «раз-два», «огонь!» деген командалық сөздер ғана естиміз. Мәншүктің осы тамаша айтқан сөздерін қолма-қол блокнотыма түртіп алған едім.

Мәншүк 1943 жылы 15 қазанда Невель қаласын азат ету ұрысында қаза тапты.

Қыршынынан қиылған Мәншүк отбасын құрып, ұрпақ көре алмаса да, соғыстан кейінгі бүкіл ұрпақтың анасы, қазақ ұландарының Ұлы әжесі болып қала бермек.

Сол сұрапыл соғыста ең шиеленіскен шайқастар қай жерлерде болды?

– Ең жойқын шайқастар, ең алғаш Молодой Туд деген шағын қалашықты алу кезінде қатты қырғын болды. Бригадамыз осы өте ауыр ұрыстардан қансырап шықты. Бригада  деген дивизия, корпусқа қарағанда, шағын құрама ғой, оны қолбала сияқты бір жерден екінші жерге жөнелтіп, қай жерде тесік болса, сол жерге тыға салады. Сол себепті бригаданың құрамы қатты қырғынға ұшырады, – деп жауап береді майдангер жазушы.

 Қажым Көшеков, Мәншүк Мәметова...

 Біз Мәншүк Маметова жайлы дерекке текке аялдап отырған жоқпыз. Әзілхан Нұршайықов Мәншүк Мәметовамен бір құрамада соғысады әрі Қажым Көшековпен майданда бірге болады, оның ерлік өлімін көреді. Ал, Қажым мен Мәншүк кездескен бе екен? Осындай сауал санада көлбейді. Біздіңше, кездескен болуы мүмкін. Себебі батыр қыздың өмірбаянында 1942 жылы Великие Луки қаласын жау қолынан азат ету ұрыстарына қатысқаны айтылады.

2020 жылы 20 ақпанда «Ана тілі» газетінің сайтында «Жүзіншінің жорықтары» деген мақала жарияланған. Бұл жерде автор жазылмапты. Газетке сілтеме ғана бар. Сұхбат - мақала Ұлы Отан соғысы кезінде 100-ші қазақ атқыштар бригадасының сапында болған жауынгер, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың әңгіме-дерегі негізінде дайындалған. Жаңағы 100-ші қазақұлттық атқыштар бригадасында біздің Қажым Көшеков те болған. Екіншіден, Сұлтан Жиенбаев Қажымның есімі Мәншүк Мәметовамен бірге атайды:

- Біздің атқыштар бригадасы Ржев бағытындағы Калинин майданының сол жағында орын тепкен 39-шы армияның қарамағына берілді. Бригада әлі ұрысқа кіріскен жоқ. Майданның алдыңғы легіне қарай жылжып келеді. 23 қарашада құрама бөлімшелері Молодой Туд ауданы орталығының солтүстік-батысына орналасты. 25 қарашаның түнінде бригада әскери бұйрық алды. Онда былай делінді: «100-атқыштар бригадасы 587-ші истребитель-танкке қарсы артиллерия полкімен және 327-артполктің екі батальонымен бірге Молодой Тудты жауға бермеу. Березка, Толкачевка майдандарында екі батальонмен жаудың қорғанысын талқандау. Таяудағы міндет – Калинино, Бочково шептерін бұзып, одан әрі оңтүстікке беттеп, 373-ші атқыштар дивизиясымен бірге дұшпанды Васильевское, Тройня, Брюнханово елді мекендерінде жою. Мұнан соң Плеханованың шығысындағы орманға жиналып, 46-шы мотоатқыштар бригадасымен бірге Оленино бағытында шайқасқа дайын болу.

E8FB9202-E883-4590-8432-ADF3199F5712

Великие Луки қаласы – коммуникациялық ірі торап. Қазақта «тоғыз жолдың торабы» деген сөз бар емес пе? Великие Луки сондай жер. Бұл қаладан жан-жаққа он тас жол, төрт теміржол тарайды. Солтүстік жақтағы Дно, Новгород, Ленинградтан, шығыс жақтағы Ржев пен Мәскеуден, Батыстағы Балтық жағалауындағы елдерден келетін жолдардың барлығы Великие Лукиде тоғысады. Германияға баратын жолдар да осы қаладан шығады. Бригада 1942 жылдың 22 желтоқсанында Великие Луки түбіне келді. 28 панфиловшылар Мәскеу түбінде қалай шайқасса, біздің жігіттер де Великие Лукиді жау қолынан қайтарып алу үшін жан аямай күресті. Артиллерия дивизионына қарасты батарея жігіттері арыстанша арпалысты. Өздері қаза болды. Алайда бірде-бір танкті Великие Лукиге өткізген жоқ. Қажым Көшеков, Ыбырайым Сүлейменов, Мәншүк Мәметова, Заманбек Матаев, Біргебай Әбдікәрімов, Ислам Назаров, Қалисар Хабдулинов, Қабас Дүйімбаев, Ғани Қасымов, Шазада Әтеев, Ыдырыс Исатаев, Тұраш Әбуов, Ақыраш Әндиров, Жамалхан Жамалбеков, Ғаббас Таңбаев, Жақан Биғазин, Қабікен Меңдібаев, Әділхан Құсайынов, Сейсебай Әбдікәрімов, Манап Шідеров, Мәулен Исин, Айтқали Құсайынов, Құсайын Кәкібаев, Сембек Молдабаев сияқты көптеген жауынгерлер мен командирлер батылдық танытып, жауды Великие Лукиге кіргізбеді. Великие Лукиде үшінші батареяның өзі жаудың он үш танкісін қиратып, алты рота жаяу әскерін жойды. Жүзінші бригада Орталық майдандағы басқа құрамалармен бірге Великие Луки түбіндегі қиян-кескі ұрыста Отан алдындағы борышын адал орындады. Бригада жауынгерлері дұшпанның талай шабуылдарына тойтарыс берді. Атқыштар, автоматшылар, пулеметшілер, зеңбірекшілер, минометшілер, қысқаша айтқанда барлық жауынгерлер мен командирлер шебер қимылдап батылдықтың, батырлықтың үлгісін көрсетті. 

 Ржев, Молодой Туд, Великие Луки - Қажымның да, Мәншүктің де ерлік жолдары. Қажым Мәншүкті көрді ме? Тарихи деректерді кім түгендеп берер екен?

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале