Республика күні қарсаңында Мұратсай ауылдық округіне қарасты Тайғара елді мекенінде күрделі жөндеуден өткен медициналық пункт пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық аурухана директоры Анарбек Белисанов пен ауыл тұрғындары қатысты.
Жалпы аталмыш нысанның жөндеу жұмыстарына 32 млн 788 мың теңге жұмсалды. Ал күрделі жөндеу жұмысын «Дизайн» ЖШС жүзеге асырды.
Аудан басшысы тайғаралық ағайынды Республика күнімен құттықтап, жаңарып, материалдық-техникалық базасы жаңғырған медициналық пункттің халыққа қалтқысыз қызмет етуіне тілектестігін білдірді.
Ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Бақытжан Арыстанғалиев атамыз сөз алып, жергілікті тұрғындар атынан алғысын білдірді.
Аудандық аурухана директоры Анарбек Белисанов:
– Соңғы екі жыл ауданымыздың медицина саласы үшін аса бір олжалы жыл болды десек, артық айтпаспын. Өткен жылы екі ФАП аудан тұрғындарының қолданысына берілсе, биылғы жылы алты бірдей медициналық пункт күрделі жөндеуден өтіп, ауыл тұрғындарына қызмет етпек. Сонымен қатар өткен жылы ауданымызға төрт жедел жәрдем көлігі берілсе, биыл тағы үш көлікті болдық. Жеті округтің әрқайсысына бір-бір жаңа көліктен берілді. Халыққа қызмет ету жолында бірқатар жұмыс атқарылды. Дегенмен, бұнымен шектелмей, келесі жылы тағы да төрт медициналық пунктті және орталық аурухананы күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар. Болашақта Саралжын ауылында ФАП салу да ойымызда, - деді Анарбек Белисанов.
Еркебұлан Рахметолла
Бөкей ордасы ауданы