Ақжайық ауданының брендіне айналған Тайпақтың қарбыздары саудаға шығарыла бастады. Дәмі тіл үйіретін жеңсік өнімге алғашқы күндерден-ақ сұраныс мол.
Келісі әп дегенде 140-160 теңгеден саудаланып жатқан қарбыз қазір Алмалы ауылдық округінің бақшаларында ірі жүк көліктеріне тиеліп, ауданнан әрі асып, Атырау облысы, Маңғыстау облысы, Орал мен Ақтау қалаларына жөнелтілуде.
– Бақшадан түскен қарбыздың басым бөлігін шаруалар ірі орталықтарға жөнелтуде. Атамекен ауылының тұсындағы жол бойында орналасқан «Атамекен қарбыздары» сауда нүктесінде де сауда қазір қайнап тұр. Бұл ала жаздай күн астында тер төгіп, бақша өсіретін алмалылық шаруалардың адал еңбегінің қайтарымы. Сатып алушылар қарбызды қыл үстінен бөліп әкетіп жатыр. Кейде шетелдіктер де осы нүктеге арнайы тоқтап, қарбыз алып жатады, - дейді Алмалы ауылдық округінің әкімі Ербол Сабыров.
Атап өтейік, Алмалы ауылдық округінде бақша шаруашылығымен айналысатын 28 шаруа қожалығы бар, олардың иелігіндегі 361 гектар танаптан қазір бақша өнімдері жиналуда.
Ал осы шаруашылықтардың 18-і тамшылатып суару жүйесін танаптарында іске қосқан.
Аида Асылбек
Ақжайық ауданы